10 қаң, 2021 сағат 15:06

Бану Нұрғазиева: Кей сайлаушылар бүкіл отбасының атынан бір өзі дауыс бермек болды

Бейпартиялық сайлауды байқау орталығының жетекшісі, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева сайлаушылардың белсенділігі жоғары екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұрын да айтып өткенімдей, бүгін Қазақстанның бүкіл аумағында Бейпартиялық байқау орталығының байқаушылары елдегі сайлау науқанына қатысып жатыр. 10 мыңға тарта сайлау учаскесіндегі олардың саны шамамен 20 мыңға жетеді. Осы ретте келесі мәселелерді атап өтер едім: менің және біздің әріптестестердің ойынша, қазіргі сайлауда сайлаушылардың белсенділігі жоғары», - деді Бану Нұрғазиева Сайлауды бейпартиялық байқау орталығында тілшілердің сұрағына жауап бере отырып. 

Орталық басшысының өзі де бүгін түске дейін елордадағы №60 сайлау учаскесіне барып дауыс берген және сол кезде азаматтардың ұзын-сонар кезекте тұрғанын көрген. 

«Бүгінгі таңда біздің қолдағы мәліметке сәйкес, тізімде тіркелген сайлаушылардың жартысынан көбі дауыс беріп қойды. Сонымен қатар, заңбұзушылықтардың да тіркеліп жатқанын атап өту керек. Нақтырақ айтқанда, кей сайлаушылардың өз отбасы үшін дауыс бере салғысы келетіндері кездеседі. Одан бөлек саяси партиялардың өкілдері дауыс беруге келген кезде таққан маскаларында партияларының жазуы тұратын жағдайлар да бар. Сондай-ақ, провокациялық сипаттағы әрекеттер де кездеседі. Мәселен, кейбір байқаушының өз әріптестерімен сөз таластырып, кедергі келтіргісі келетіндері де кездеседі. Менің ойымша, мұндай әрекеттер байқау барысына зиянын тигізеді», - деді ол. 

Бану Нұрғазиева нақты мысалды келтірді. Оның айтуынша Солтүстік Қазақстан облысындағы №587 сайлау учаскесінде (Петропавл қаласы) Қазақстан жастар ақпарат қызметінің (МИСК) өкілі байқаушылардың бәріне кедергі келтіріп, бейнетүсірілім жүргізіп, сайлау барысын дауыстап пікір білдіре бастаған. 

Байқаушылардың, сайлау комиссиясы төрағасының ескертуін елемеген. 

Осыған байланысты байқаушылар біріге келе акт жасап, комиссия төрағасынан оны сыртқы шығаруды өтінуге мәжбүр болған.