ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржылық қызметтерді пайдалана білудегі ел халқы арасындағы жүргізілген зерттеудің нәтижесін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан халқының қаржылық сауаттылық индексі 2020 жылмен салыстырғанда 0,45 тармаққа ұлғайып, 2021 жылы 39,52 пайызды құрады. 2020 жылы бұл көрсеткіш 39,07% деңгейінде болды.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) өлшемдері ескерілетін қаржылық сауаттылық индексін есептеу әдіснамасы мынадай үш көрсеткішті талдауды қамтиды: жеке қаражатын басқару, қаржылық көрсетілетін қызметтерді пайдалану және халықтың қаржы жүйесі туралы хабардар болу деңгейі.
«Осы орайда қаржылық қызметтерді пайдалана білу көрсеткіші бойынша неғұрлым жоғары деңгей Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, сондай-ақ Алматы, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында байқалады. Ең төмен көрсеткіш - Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Жамбыл облыстарында. Сауалнама нәтижелері респонденттердің арасында танымал қаржылық қызметтер мен өнімдерді анықтады – бұл тауар кредиті (37,4%), ағымдағы шот (32,6%), банк депозиті (29,3%). Танымалдығы төмен - зейнетақы аннуитеті (1,08%), білім беру депозиті (0,72%), акциялар, облигациялар және инвестициылық пай қоры (0,16%). Ерекше танымалдыққа, әсіресе, Covid-19 пандемиясы кезеңінде жеке және заңды тұлғалар үшін интернет және мобильді банкинг ұсынуға байланысты банк қызметтері ие болғанын атап өткен жөн», - делінген агенттік мәліметінде.
Гендерлік көрсеткішке келетін болсақ, ер адамдарда әйелдерге қарағанда қаржылық қызметтерді пайдалану дағдыларының анағұрлым жоғары деңгейі байқалды. Зерттеу көрсеткеніндей, орта жас (25-тен 45 жасқа дейін) өкілдері жас буын өкілдеріне (18-ден 21 жасқа дейін) және зейнеткерлік жастағы азаматтарға қарағанда әртүрлі қаржылық қызметтерді жиі пайдаланады.
Сауалнамаға орналастырылған қаржылық мәселелерді шешу барысында респонденттердің үштен бірі қаржылық сауаттылық бойынша ұсынған тапсырмаларға дұрыс жауап берді. Бұл респонденттердің қаржылық қызметтер мен өнімдердің қиын жағдайларын түсінгенін білдіреді. Бірақ, соған қарамастан, кәсіби экономикалық терминологияны және банктер мен басқа да қаржы ұйымдары ұсынатын шарттарды білмейтін респонденттердің үлесі де бар. Бұл зейнеткерлер, студенттер және үй шаруасындағы әйелдер.
«Жалпы алғанда, зерттеу кейбір респонденттердің қаржылық қызметтердің сараланған жиынтығымен жақсы таныс болмаса да, қаржылық қызметті таңдау процесіне егжей-тегжейлі қарап, шартты мұқият зерттей бастағанын көрсетті. Мәселен, респонденттердің 44,9%-ы шартқа тек оны оқып, барлық жағдайларын түсіндіргеннен кейін қол қояды, менеджерлерге қосымша сұрақтар қояды және талаптарды зерттейді. Ал респонденттердің 21,8%-ы сұрақсыз қол қояды, өйткені мұның бәрін түсіну оларға қиын», - деп аталып өткен зерттеу деректерінде.
Айта кетейік, 2021 жылы зерттеуге 10 000 респондент қатысқан. Олардың ішінде 18 жастан 29 жасқа дейінгі (23,08%), 30 жастан 49 жасқа дейінгі (62,32%), 50 жастан 63 жасқа дейінгі (12,32%), сондай-ақ 63 жастан асқан (2,28%) әйелдер (58,8%) де, ер адамдар да (41,2%) бар.
Сауалнама Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент сияқты республикалық маңызы бар 3 қалада және Қазақстанның 14 өңірінде жүргізілді.
Кәсіби қызметі тұрғысынан алғанда бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері (7,5%), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (8,1%), жеке компаниялардың қызметкерлері (7,2%), дара кәсіпкерлер (6,4%), студенттер (1,9%), зейнеткерлер (1,8%), уақытша жұмыс істемейтіндер (0,68%), басқа да мамандық өкілдері (64,2%) сияқты топтардан жауап алынды.
Респонденттердің отбасылық жағдайлары мынадай болды: 62,28%-ы үйленген/тұрмыс құрғандар, 26,24% – үйленбеген/тұрмыс құрмағандар, 8,4% – ажырасқандар, 1,6% – әйелі/күйеуі қайтыс болғандар, 1,4% – азаматтық некеде тұратындар.