2025 жылға қарай елдегі инфляция деңгейі 3-4 пайыз дәлізінде болуы керек. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық банк инфляция дәлізін 2022 жылы 4-6 пайыз деңгейінде, 2025 жылы 3-4 пайыз деңгейінде ұстап тұру үшін тәуелсіз ақша-несие саясатын, ақылған қонымды саясат ұстану керек», - деді Президент.
Оның айтуынша, нақты экономиканы кредиттеу туралы да ұмытуға болмайды.
«2018 жылдан бері банк секторын орнықты дамыту бағдарламасы іске асырылып жатыр. Проблемалы кредиттердің шығынын жабу үшін банктерге 700 млрд теңге бөлінген. Алайда банктер тарапынан кредит қолжетімділігі және көлемі бойынша қарымта қадам байқалып отырған жоқ. Ескі проблема. Үнемі айтып жүрміз. Өтімділігі жоғары профициттер өсіп жатыр. Бұл проблеманы білеміз. Ол банктердің атын да білеміз. Бүгінде аталмыш профицит 12 трлн теңгедей болған. Бұл қаражат экономикаға, оның ішінде бизнестің ақылға қонымды жолмен дамуына, ипотекалық нарыққа жұмыс істеуі керек. Реттеу тетігін құру керек. Сол арқылы банктер банктердің тиімді жобаларды қаржыландыруға ниетті болуы керек. Бұл - Ұлттық банктің жаңа басшылығы мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің міндеті», - деді Тоқаев.