09 ақп, 2022 сағат 15:33

Банкроттық туралы заң. Қазақстандықтарға шетелге шығуға тыйым салынуы мүмкін


ҚР бірінші қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев банкроттық туралы заң аясында шетелге шығуға тыйым салу ұсынылып жатқанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Нұр-Сұлтанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте вице-министр заң жобасы мен тұжырымдаманың әлеуметтік бағыты бар екенін айтты.

"Бүгінде азаматтардың көбінде түрлі себепке байланысты қаржылық жағдайы нашар. Біреулері жұмысынан айырылса, біреулері мүгедектік бойынша тіркеуде. Жалпы, экономикалық құлдырау аясында халықтың әл-ауқаты төмен. Несие бюросы мәліметінше, бүгінде бір миллионнан астам азамат несиесін өтеу мерзімін кешіктірген, бірқатар азаматтың коммуналдық төлем, салық төлемдері бойынша берешегі бар", - деді Сұлтанғазиев.

Ол министрлік жеке тұлғалардың банкроттық институтын енгізу бойынша жұмысты қайта бастағанын айтты. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, қарыз сомасы мен мерзіміне байланысты рәсімдердің үш түрін енгізу ұсынылады:

1. Ол заң жобасы "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" деп аталады. Әрине, заң тек Қазақстан азаматтары үшін ғана емес, қаржы нарығының барлық қатысушысы үшін де маңызды. Жалпы, бұл біраз қарыз алушыларға көмектеседі. Заңда төлем қабілеттілігін қалпына келтіру көзделген. Онда тұрақты кіріс болған жағдайда бес жылға дейін қарызды өтеу үшін сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігі қарастырылған. 5 миллион теңгеден асатын берешекті төлеу жоспары қаржы менеджерімен бірлесіп әзірленіп, сот органдарымен бекітіледі. Бұл үшін борышкер мен несие берушінің келісімі қажет. 

2. Тұрақты кіріс болмаған және қарызды өтеу перспективасы болмаған жағдайда банкроттықты екі түрде қолдану ұсынылады: біріншісі - соттан тыс банкроттық, ол үш жағдайда қолданылуы мүмкін. Біріншісі, банктер мен шағын несие ұйымдарына бес жылдан астам берешегі бар азаматтар. Екіншісі, егер азаматтардың 12 ай ішінде қарызы өтелмесе. Бұл ретте қарыз сомасы 300 мың теңгеден аспауы керек және қарызды өтеуге болатын мүлкі болмауы тиіс. Үшіншісі, 6 ай ішінде 5 миллион теңгеге дейінгі өтелмеген қарызы бар азаматтар банкроттық рәсімін бастай алады. Азамат "Электрон үкімет" веб-порталы арқылы соттан тыс тәртіпте банкроттық туралы өтініш береді. Сондай-ақ "Е-салық азамат" қосымшасы арқылы құжаттарды тапсыруға болады. Жеке модуль әзірленеді. Құжаттарды қабылдағаннан кейін талаптарға сәйкестігіне, яғни мүліктің жоқтығына, мерзімінің сақталуына және т.б. автоматтандырылған тексеру жүргізіледі.

3. Банкроттықты алу үшін азаматтар сотқа 5 миллион теңгеден астам өтелмеген берешегі бойынша жүгінеді. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі аукционда сатылады. Түскен қаражат белгіленген тәртіппен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл нысаны болса, онда несие беруші оны тек сот банкроттығы кезінде ғана қайтарып алуға құқылы. Егер адамның табысы расымен аз болып, мүлкі жоқ екені дәлелденсе, ол банкрот деп жарияланып, қарыздарынан құтылады.

Дегенмен банкроттық алимент төлеуден босатпайды.

"Сондықтан адам өзін банкрот деп жарияламас бұрын оның ықтимал салдары мен шектеулері туралы ойлануы керек. Жалпы, банкроттықты қолдану жеке тұлғаларға қарыз ауыртпалығынан құтылып, белсенді экономикалық қызметпен айналыса бастауға мүмкіндік береді", - деп қорытындылады вице-министр.