Жер жәннаты Жетісу жеріндегі экотуризмді дамытуда Алакөл мен Балқаштың әлеуеті зор. Туризм – табыс кілті, десек дамыған мемлекеттер бұл мәселені баяғыда жолға қойған. Уақытпен бірге біздің еліміз де бұл салаға көңіл бөлуді бір жүйеге келтіруде. Ел тұрғындары үшін ішкі туризмді жетілдіру үлкен маңызға ие. Бұл тарапта Алакөлдің Шығыс жағының жағдайы дұрысталып, жанға жайлы орындардың көптеп бой түзеп, халық игілігіне жарап тұрғаны көңіл қуантса, Балқаш көліндегі жағдай керісінше. Балқаш көлінде жарық та, ауыз су да, жол да жоқ.
«Өз еліміздегі Балқаш көліне әлемдегідей көкпен таласқан биік ғимараттар салмаса да, ең құрмағанда көл жағалауларына заманауи үлгідегі демалыс орындарын салып, халықтың демалуы үшін бар жағдайлар жасалса», дейді Балқаш көлінде демалушы алматылық Гүлмира Асылбекқызы.
Балқаш көлі маңындағы ең жақсы деген «Бунгала» демалыс орнының иесі Бунько Татьянаның айтуынша, көлге жол 5 жылдан бері салынып келеді.
«Турбазаның ашылғанына 7 жыл болды. Жыл сайын туристер саны артып келе жатыр. Биыл Германия, Қытай елдерінен саяхатшылар келді. Көбіне бізге Ресейден келеді. Келушілер мен саяхатшылардың шағымы тек біреу – ол жол машақаты. Бірінің дөңгелегі жарылса, бірінің көлігі жүруге тіпті жарамай, эвакуатормен алып кетуде. Жолдың жасалып жатқанына 5 жылдан асты. Екі жыл болған дұрыстау жолдың өзін жоқ қылды. Жолдың жасалып бітпеуі біздің бизнеске кері әсерін тигізуде. Біз өз тараптарымыздан демалушылар үшін мүмкіндігінше бар жағдай мен сервисті жақсартуға тырысудамыз. Жарықты генератор арқылы берудеміз. Ал, ауыз суды өзіміз алып келеміз. Балқаш көлінде туризмді дамыту үшін алдымен су, электр жүйесін тартып, жол салу қажет. Бұл менің ғана емес, осындағы демалыс орындары иелерінің жан-айқайы деп білсеңіздер», дейді «Бунгала» демалыс орнының иесі Татьяна Бунько.
«Respublica» партиясының Жетісу облыстық филиалы мен «Vizit Zhetysu» туристік орталығының ұйымдастыруымен өткен үшкүндік пресс-тур аясында БАҚ өкілдері сонымен қатар Жетісу өңіріндегі экотуризмнің жай-күйімен, проблемаларымен және даму келешегімен танысты.