Фото: ашық дереккөзден
Өкінішке қарай Қазақстанда балаларға жасалатын зорлық-зомбылық туралы жиі естиміз. Мамандар заңның қатайғанына қарамастан статистика көңіл көншітпейтінін айтып отыр. Ішкі Істер министрлігінің мәліметінше соңғы екі жылда балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты қылмыс 21 пайызға, биыл 10 пайызға ұлғайған.
Жақында ғана Қызылордадағы жасөспірім қызға қатысты оқиға дүйім жұртты дүр сілкіндіргені рас. Еске салсақ, Қызылорда облысында 16 жастағы қызды сыныптастары 8 ай бойы секс-құлдықта ұстап, азаптап, есірткі бергені анықталған. Анасы қызының мәжбүрлі жыныстық қызметін 1000-ға жуық адам пайдаланған дегенді айтты. Оқиға жалпыға жария болғаннан кейін күдіктілер қамауға алынғаны хабарланған.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: "16 жастағы қызды жыныстық құлдықта ұстаған": Қызылордадағы сұмдықтың мән-жайы
Құзырлы органдардың хабарлауынша, былтыр балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты қылмыстың барлық түрі өскен екен.
«Оның ішінде зорлау 44 пайызға, 16 жасқа дейінгі кәмілетке толмаған баламен жыныстық қатынасқа түсу 8,5 пайызға, кәмілетке толмағандарды азғыру 13 пайызға, жезөкшелікке мәжбүрлеу 25 пайызға , жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық 21 пайызға, балаларды эротикалық мазмұндағы өнім дайындауға мәжбүрлеу 2,5 есеге артқан, ал кәмілетке толмағандар бейнеленген порнографиялық материалдарды дайындау немесе оларды порнографиялық шараға қатыстыру бұрынғыдай қалған. Кәмілет жасына толмағандарға қатысты жыныстық қылмыстарға жаза өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін күшейгеніне қарамастан осындай көрсеткіш көрсетіп отыр», -дейді ІІМ Әкімшілік полициясы комитетінің төрағасы Ринат Зулхаиров.
Айта кетейік, биыл «әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты» заң қабылданды. Аталған заң 2024 жылдың 16 маусымынан қолданыста болады. Ал кейбір нормалар 2025 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енбек.
Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының 2022 жылғы дерегі бойынша, әлемдегі әрбір бесінші әйел мен әрбір он үшінші ер адам балалық шағында (0-17 жас) жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған.
Әлемдік мета-талдауларға сәйкес, жыныстық зорлық-зомбылықтан қыздардың шамамен 24%-ы және ұлдардың 3%-17%-ы зардап шеккен. Стигматизацияға және балалардың қауіпсіздігіне, сондай-ақ осындай жағдайлардың назардан тыс қалуына байланысты шынайы көрсеткіштер ресми деректерге қарағанда жоғары болуы да мүмкін деп отыр мамандар.
«Көмек сұрау керек»
Психолог Бекет Тәжікенов қандай күрделі жағдай болмасын көмек сұраудан ұялмау керек деп есептейді.
«Айта кететін маңызды мәселе, көмек сұраудан ешқашан қысылмаған жөн. Зорлық-зомбылыққа тап болған адам жәрдемге мұқтаж болады. Оларға жақындары, таныстары, арнайы мамандар көмектесуі керек. Кейбір балалар ата-анасынан ұялады, кейде олар ұрсады деп ойлайды. Сондықтан осындай қиын жағдайға түссе де жасырып, ешкімге айтпай ішінде сақтайды. Ол баланың психологиясына ауыр тиеді. Ата-анаға, мектептегі мұғалімге, психологке, құқық қорғаушыларға айтқан жөн. Мәселе айту арқылы шешіледі», -дейді Бекет Тәжікенов.
Қазақстандық Қоғамдық даму институты дайындаған Қазақстандағы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі нұсқаулықта жазылғандай кәмілет жасына толмағандарға жыныстық зорлық-зомбылық жасайтын адамның бет байнесі келесідей: 31-40 жас аралығындағы ер адам, білімі негізінен – орта, олардың 50 пайызы ешқашан үйленбеген және тұрақты жыныстық серіктесі жоқ, белгілі жұмысы да жоқ.
Психолог Бекет Тәжікенов балаларға қатысты жыныстық зорлық жасайтын адамдардың өзіне сенімділігі мен моральдық құндылықтары төмен болатынын айтып отыр.
«Ондай адамдар өздерімен жұмыс істей алмайтын, ішкі тіректері әлсіз, өз-өздеріне сенбейтін болып келеді. Олардың моральдық құндылықтары жоқ, кей біреуі бірінші орынға ақшаны қояды және басқаларды алдауға бейім келеді. Мұндай адамдардың көбі жұмыста, қоғам арасында жақсы адам болып көрініп, бетперде киіп жүреді. Бірақ үйінде өзін басқаша ұстайды», - дейді маман.
Оның сөзінше зорлық-зомбылыққа бейім адамдар тек тұрмысы төмен отбасынан шыққандарда ғана емес, сонымен қатар тұрмыс-жағдайы жақсы, тіпті зиялы отбасында да кездесуі мүмкін.
Мамандардың айтуы бойынша, көп жағдайда агрессор/қылмыскер зардап шеккен баланың (60%-дан жоғары) отбасы мүшесі немесе танысы болып келеді, тек басқа жағдайларда ғана ол таныс емес адам екені анықталған. Мұндай қылмыстар ұзақ уақыт бойы, 3 айдан 7 жылға дейін жасалуы мүмкін. Криминологиялық зерттеулерге сәйкес, мұндай қылмыстардың 20%-ын кәмелетке толмағандар жасайды.
«Ата-ана мен бала арасында сенім орнағаны жөн»
Психолог ата-ана баласымен сенімді қарым-қатынас орнатып, сырласып, сөйлесіп отыруы маңызды деп отыр.
«Балалар көп жағдайда ата-анасы уайымдайды деп ойлайды. Сондықтан барлық жүкті өз мойындарына артып, өзім шешемін дейді. Менің айтқым келетіні, баланың алдында өзіңді сенімді ұстап, уайымды көрсетпеген дұрыс. Бала ата-анасын тірек көре алатынына, олардың мықты екеніне сенімді болуы тиіс. Тағы бір балалар ата-анам ұрсады, мені сөгеді, кінәлайды деп ойлайды. Сондықтан, балаға ұрыспай, онымен әңгімелесе білу керек. Балаға сенім артып, оған сұрақ қойған жөн. Сен бұл мәселені шеше аласың ба деп сұрап, онымен жиі сырласу керек. Кей бір ата-аналар мораль, нотация оқып кетеді, ол дұрыс емес», -дейді Бекет Тәжікенов.
Сонымен қатар, балаға дене мүшелері туралы кішкентайынан түсіндіру қажет және балаға «жоқ» деп айтуды үйретіп, бейтаныс адаммен қарым-қатынас жасаудың қарапайым ережелерін үйреткен дұрыс деп отыр психолог.
Мамандардың зерттеуі бойынша, отбасында ата-ана мен баланың арасындағы эмоционалды байланыстың болмауы; түнде үйде ата-анасының болмауы (ауруханада, дүкенде және т.б. түнгі ауысымдағы жұмыста); ата-ананың баланы басқа адамдарға, оның ішінде қылмыскердің қасына ұзақ уақытқа қалдыруы; баланың қорғансыздығын пайдаланып үркітіп-қорқыту, бопсалау, дөрекі түрде күш қолдану, қылмыстың барлық құралдарын пайдалану; жәбірленушіні кінәлі қылу арқылы жыныстық байланысқа итермелеу; кәмелетке толмағандардың спирт ішімдігін ішуі, ересектер тарапынан бақылаудың болмауы; моральдық-адамгершілік идеялардың бұрмалануы, отбасындағы, қоғамдағы әдет-ғұрыптар мен дәстүрдің өзгеруі; қылмыскердің қылмыстық жауапкершіліктен босап шығуы, лайықты жазаның берілмеуі балаларға зорлық-зомбылық көрсетуге ықпал ететін негізгі факторлар екен.
Қазақстандағы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі нұсқаулық бойынша баланың зорлық-зомбылыққа ұшырағанын түсіну үшін оның мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аудару керек.
Бұндай кезеңде әдеттегі сабырлы бала қатты агрессия көрсетіп, енжарлық пен апатияға түсуі мүмкін. Сонымен қатар, ұйқысының бұзылуы, қатты мазасыздық, қорқыныш пен тағы да басқа ауытқушылық байқалады. Ол міндетті түрде зорлық-зомбылықтың белгісі болып шықпаса да, кем дегенде баланың бойындағы стресстің себептерін шұғыл анықтауды талап етеді.
Ата-аналар келесідей белгілерге назар аударуы тиіс:
Балада ересектерге деген сенімсіздік, жеккөрініш пайда болады. Мысалы, ол белгілі бір адаммен жалғыз қалғысы немесе жанында отырғысы келмейді. Белгілі бір жерлерге, үй-жайларға деген қорқыныш пайда болуы мүмкін. Бала өзімен-өзі тұйықталып, құрдастарымен, ата-анасымен қарым-қатынасын тоқтатады.
Бала түсіндіре алмайтын немесе оны түсіндіруден бас тартатындай денесінде, әсіресе интимді жақтарында көгерген жерлер мен жаралардың болуы;
Балаға зорлық жасалғанын білгенде не істеу қажет?
Бұл мәселені кейінге шегеруге болмайды. Егер бала бәрін бірден айтып берсе, ата-ана құқық қорғау органдарына жүгінуі керек. Егер болған оқиға бірден белгілі болса, онда жауапкершілікке тарту үшін дәлелдерді (баланың киімі, қылмыскер ұстаған заттар, т.б) өзіңіз жинап, оларды сақтауға тырысыңыз.
Егер ол бір айдан кейін, тіпті бірнеше жылдан кейін ата-анасына айтуға батылы барса, зорлау фактісін дәлелдеу әлдеқайда қиын. Балаларыңызға мұқият болу және олармен сенімді қарым-қатынас орнату өте маңызды, осылайша олар сізбен бәрін бөлісе алады.