Фото: Видеодан скриншот
Қазақстанда неміс ұлтынан шыққан қарияның жерлеу рәсімінен видео әлеуметтік желіде кең тарады. Әжейді мұсылмандық дәстүр бойынша жерлеген, деп хабарлайды Ult.kz.
Сталиндік қуғын-сүргінді, депортацияны бастан кешкен, түп-тамыры неміс, бірақ қазақ отбасынан пан тапқан әйелдің тағдыры Instagram қолданушыларын терең толқытты.
Қарияның немересінің айтуынша, әжесі Фрида Қазақстанға бала кезінде келген. Әкесі «Отанға опасыздық жасады» деген жаламен атылған. Ал анасын «халық жауы» ретінде тұтқындаған. Фрида әжей мен оның ағасын Қазақстанға депортациялаған. Немересінің сөзінше, олар Қазақстанға келе жатқанда Фрида ағасымен бірге вагоннан түсіп, тамақ алуға шыққан сәтте пойыз жарылып кетіп, ағалы-қарындас кездейсоқ аман қалған. Ол кезде Фрида небәрі жеті жаста еді. Кейін оны қазақ отбасы асырап алады.
18 жасында Фрида қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, күйеуінің қалауымен ислам дінін қабылдап, Фарида есімін алған. Ол ұзақ та бақытты өмір сүріп, тоғыз бала өсірген, көптеген немере-шөбере сүйген.
«Бүгін мен жай ғана апашыммен қоштаспаймын… Бүгін мен балалығыммен қоштасып тұрмын», — деп жазды немересі Instagram-парақшасында видео жариялап.
Ол әжесінің мейірімі, қамқорлығы, еңбекқорлығы және жерді сүюге үйреткені, ауылдағы тамаша жылдары мен бақытты жазғы каникулдар туралы естеліктерімен бөлісті.
«Артыңда өлшеусіз махаббат қалдырдың. Ал менің ішімде сен әрдайым өмір сүресің — жадымда, әдеттерімде, жүрегімде», — деп жазды ол.
Сондай-ақ ол әжесіне «балалық шағы, берген махаббаты және үйреткен барлық дүниесі» үшін алғыс білдірді.
Бұл жарияланым Instagram қолданушыларының зор ықыласын тудырып, мыңдаған қаралым мен жүрекке жеткен пікірлер жинады.
