20 шіл, 2023 сағат 16:16

"Балаларының көз алдында". Алматыда әйел өзіне қол жұмсады

сурет ашық дереккөзден алынды

Алматыда жас келіншек өзіне қол жұмсады. «Мамыр» шағынауданында болған қайғылы оқиға туралы шаһар тұрғыны, қоғам белсендісі Жібек Әменова әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

«Дереу #Немолчи қоры мен құқық қорғаушылардың телефон нөмірлері керек…

Сөз жоқ... Бүгін менің көршім, жас, сұлу келіншек, үш баланың анасы пәтерінде балаларының көзінше асылып қалды... Қашанға дейін жас келіншектер өз-өздеріне қол жұмсай береді?! Оған балалары да араша бола алмай қалды.

Үйдің тұрғындары мен көршілердің айтуынша, ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жиі ұшыраған... Мен мұны растай алмаймын. Анығын тергеу анықтайды. Алайда адам тектен-текке өз-өзіне қол жұмсамайды ғой.

Қалай десек те, мен бұл жағдайды бақылауға алып, толық тергеу амалдарын жүргізуді талап етемін.

Исламда сүйіп қосылған жарыңды сыйлап, оны қадірлеу – Алла тағаланың бұйрықтарының бірі емес пе?!», – деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

Алматы полициясы бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бойынша соталды тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін мәлімдеді.

«Әуезов аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімінің қызметкерлері 1994 жылы туған Б-ның өлімінің себептері мен мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Қылмыстық іс бойынша ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жарияланбайды», - деді ведомство өкілдері.