Президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Жигули Дайрабаевтың ұлдарына қатысты жемқорлық бойынша іс қозғалған. Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық ақша жымқырды деген күдікке ілінген. Іс материалдарының сотқа жолданғанын Жамбыл облыстық соты растап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“М.Дайрабаев, Е.Кулкеев, Е.Елибай және Д.Молдақалыққа қатысты ҚР ҚК 189-бабы, 4-бөлімі, 2-тармағы және 190-бабы, 4-бөлімі, 2-тармағы бойынша қылмыстық іс Тараз қаласының №2 сотына 19 қыркүйекте келіп түскен”, – деп хабарлады Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі.
Ашық дереккөздерден Жигули Дайрабаевтың үш баласы бар екені белгілі. Олардың бірі Марат Дайрабаев Жамбыл облысында тіркелген "MOLBAL" ЖШС басқарған. Тағы бір ұлы Дәурен Дайрабаев Жамбыл облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары болып қызмет атқарған.
Еске салсақ, Жигули Дайрабаев 20 қарашада өтетін Президент сайлауына алғашқы кандидат болып тіркелді. Оның кандидатурасын “Ауыл” саяси партиясы ұсынған.