Қазақстанның жетекші инфекционист дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешева балаларға жұққан коронавирус сирек кездесетін қандай синдромдарға соқтыруы мүмкін екендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір қоғамда әртүрлі пікір бар. Солардың біріне құлақ асып отырсақ, балалардың бойында иммунитет қалыптасу үшін олар коронавирусты бір рет жұқтырып, жазылуы керек дейді. Бірақ бұл мәселеге келгенде менің көзқарасым басқаша. Егер бала коронавирус жұқтырып алса онда ол – вирус жұқтырушы болмақ. Екіншіден француз, итальян және америкалық ғалымдар балаларға жұққан коронавирус «кавасаки» атты сирек кездесетін синдромға әкеп соғуы мүмкін екенін айтады. Сол үшін балалардың басын мұндай қауіпке тігуге бола ма!? Менің ойымша, әлбетте қажет емес», - деді Динагүл Баешева Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook-тегі парашасындағы онлайн сұхбатында.
Медицина маманы сол себепті балабақшалардан бастап мектептерде эпидемияға қарсы шараларды қабылдау керектігін айтып өтті.
«Балалар қолын жуып, антисептикті пайдалануы керек. Оларды барынша қашықтықта ұстаған абзал. Төсек орындары бір-біріне тым жақын орналаспауы тиіс. Төсектердің арасы кем дегенде бір метр болуы тиіс. Сонымен қатар балабақшаға келген балада коронавирус бар ма, жоқ па – анықтап отыру керек», - деді ол.