01 там, 2023 сағат 13:13

Балалардың жаппай улануына қатысты тергеу басталды – Бас прокуратура

Фото: belta.by

Қарағанды облысында балалардың улануына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

31 шілдеде «Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-де балалардың тамақтан улану фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 304-бабы 2-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соқтырған санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Қылмыстық іс Қарағанды облысы прокуратурасының арнайы прокурорларының өндірісіне қабылданды. 

Құқық қорғау және арнайы органдардың тәжірибелі қызметкерлері жұмылдырылып, ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Тиісті сараптамалар тағайындалды" - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, тергеу шеңберінде жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға беріледі.

"Елімізде жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы медициналық-әлеуметтік қызмет көрсететін 84 мекеме бар (37 балаларға арнаулы медициналық-әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, 47 балалар үйі, сондай-ақ 2959 баланы қамтитын отбасын қолдау орталықтары).

Бас прокуратура уәкілетті мемлекеттік органдар мен аумақтық прокурорларға аталған мекемелерді кешенді тексеруді ұйымдастыруды тапсырды" - делінген хабарламада.