Фото:googl.com
Бүгінде Қазақстандағы балалар саны 6,8 млнды құрайды екен. Ресми болжамға қарасақ 2027 жылға қарай елдегі балалар саны 8 млнға ұлғаяды. Елімізде кішкентай азаматтарға қандай жағдай жасалған? Бұл туралы 1 маусым, Халықаралық балаларды қорғау күшініне орай Астанада өткен дөңгелек үстелде мамандар айтты деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".
Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова бүгінгі күні балалардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру үшін Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданып, іске асырылуда, - дейді.
Сондай-ақ, «ДосболLike» ұлттық антибуллингтік бағдарламасы әзірленді, 14 өңірде балаларға психологиялық қолдау көрсету орталықтары ашылды, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды анықтау және оларға көмек көрсету бойынша әдістеме қабылданды. Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111» мемлекеттік бірыңғай сенім телефоны құрылды. Бұдан бөлек, балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік заңнамалық деңгейде күшейтілгенін айтып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, 15 сәуірде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңға қабылданған болатын.
Сонымен бірге биыл Қазақстанда Бала құқықтары туралы Конвенцияның қабылданғанына 30 жыл толды.
Бүгінде елімізде 21 387 жетім баланың 17 660-ы қазақстандық отбасыларда тәрбиеленуде. Жыл сайын Қазақстан азаматтары отбасына 1000-нан астам жетім баланы қабылдайды. Еліміздің 17 қаласында 300-ден астам адам тәлімгер атанды. Өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап 1,6 миллионнан астам қазақстандық оқушы, оның ішінде 1,4 миллион 1-4 сынып, әлеуметтік осал топтағы отбасылардан 200 мыңнан астам 5-11 сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылған екен.
Қазіргі уақытта Қазақстанда балалы отбасыларға республикалық бюджет тарапынан жәрдемақылардың 5 түрі төленеді екен. Ал, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 түрлі төлем қамтылады, жергілікті бюджеттен аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Бұл туралы айтқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмек департаменті директорының орынбасары Ғалия Жабағина:
"Сонымен бірге елімізде азаматтарға мүгедектігі бар немесе асыраушысынан айырылған жағдайларда әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер Қазақстан Республикасының Конституциясы мен әлеуметтік қамсыздандырылуына кепілдік беріледі", -дейді.
Мамандардың айтуынша биылғы жылға жоспар бойынша әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар 4,4 миллион отбасыға (4 422 376) берілуі тиіс екенін анықтап, оған қажетті 2 триллион 285 млрд. теңге қаржы қарастырылды. Бұл өткен жылда жұмсалған қаражаттан 18,3%-ға артық (2023 жылға – 1 триллион 930 млрд. теңге).Ағымдағы жылдың 4 айында 3 млннан (3 262 499) астам отбасыларға әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындалды.