08 мау, 2021 сағат 16:00

Балаларды қорлағаны үшін іздеуде жүрген тәжікстандық Алматыда жасырынған


Кәмелетке толмаған баланы қорлады деген күдікпен іздеуде жүрген Тәжікстан азаматы Алматыда ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматының көші-қон қызметінің мәліметінше, «Келімсек» іс-шарасы кезінде ауыр қылмыс жасағаны үшін өз Отанында іздеуде жүрген шетел азаматы ұсталды.

«Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде қалалық криминалдық полиция қызметкерлері біздің бөлімнің өкілдерімен бірге Тәжікстан Республикасының азаматы, Гиссар қаласының тұрғыны - 1995 жылы туған М. есімді азаматты ұстады. Ер адам 2017 жылдан бері Гиссар аудандық ІІМО-мен Тәжікстан Республикасының ҚК-нің 141-бабы 2-бөлігі - кәмелетке толмағандарды қорлау бойынша қылмыс жасағаны үшін іздестіріліп жатқаны анықталды. Ұсталған адамды экстрадициялау мәселесі халықаралық шарттарға сәйкес шешіледі», - деді Алматы қалалық Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.

Тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзу фактілерін анықтауға бағытталған «Келімсек» жалпыреспубликалық жедел-алдын алу шарасы 16 маусымға дейін жалғасады.