Фото: alash.kz
Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйі тағы да қоғам назарында. Тұрғындар мекеме аумағындағы ғимараттардың бірінің сүріліп, енді бірінің терезелері алынып, қиратыла бастағанын байқаған, деп хабарлайды Ult.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы тұрғыны
редакцияға "Бағанашыл" балалар үйінің аумағындағы ғимарат түсірілген
бейнежазба жолдады.
"Мұнда бәрін бұзып тастаған. Мына бір жақсы ғимараттың терезелерін алып тастапты. Оны қиратқан. Ал мына шыршалардың қасында тағы бір ғимарат бар еді – ол қазір жоқ, сүріп тастапты", - деп түсіндіреді ол кадр сыртында.
Алматы қалалық Білім басқармасы бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, 2025 жылғы 13 қазанда қалалық құрылыс басқармасы мен Integra Construction ЖШС арасында жаңа нысан салу бойынша меморандум жасалған.
Техникалық тексеру нәтижесінде әкімшілік, оқу корпустары, спорт және акт залдарының ғимараттары сейсмикалық тұрғыда күшейтуге жарамсыз деп танылып, оларды бұзу туралы шешім қабылданған. Қазіргі уақытта аталған нысандарды бөлшектеу жұмыстары аяқталған.
Жоба аясында жатақхана корпусын қайта жаңғырту, сондай-ақ жаңа оқу, спорт, әкімшілік ғимараттар мен асхана салу жоспарланған. Құрылысты осы жылдың төртінші тоқсанында аяқтау көзделіп отыр.
Әкімдік мәліметінше, балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыдан шығарылмаған. Олар өткен жылдың тамыз айынан бері арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығында тұрып жатыр.
Айта кетейік, бұл мекеме бұған дейін де дау ортасында қалған. 2024 жылғы 21 шілдеде тәрбиеленушілерді көшіру әрекеті жанжалға ұласқан еді. Балалар автобустардың жолын бөгеп, көшуге қарсылық білдірген.
Оқиғаға полиция араласып, қоғамда үлкен резонанс тудырған. Бейнежазбаларда тәртіп сақшыларының балаларға дөрекі әрекет көрсеткені байқалған.
Бұл жағдайға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев араласып, көшіру процесін тоқтатуды тапсырған. Кейін арнайы тексеріс жүргізіліп, жанжалға байланысты үш шенеунік қызметінен босатылған.
