Балалар психиатриясы мамандығы бойынша гранттар саны көбейді. Бұл туралы Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне арналған брифингіде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен баланың денсаулығын қорғау департаменті директорының орынбасары Олжас Ысқақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жыл сайын 2 сәуірде Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні аталып өтеді. БҰҰ Бас Ассамблеясының 2007 жылғы желтоқсанның 18-індегі арнайы қарарымен бекітілген. Бұл құжатта аутизмнен зардап шегетін балалар санының көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірілген. Осы мәселенің өзектілігіне байланысты денсаулық сақтау, білім және әлеуметтік қорғау ұйымдарының белсенді өзара іс-қимылының қажеттігі маңызды болып тұр», - деді Ысқақов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, аталған мәселедегі қажетті қадамдар тиісті Жол картасында қарастырылған.
Денсаулық сақтау министрлігі жеткіншектерге көмек көрсету қолжетімдігін қамтамасыз етуде атқарған жұмыстарына тоқталған О. Ысқақов қазіргі кезде қалалық, облыстық деңгейдегі психикалық денсаулықтың 17 орталығы қызмет етіп жатқанын айтты.
«2018 жылдан 2020 жыл аралығында көмектің қолжетімділігін жақсарту үшін қалалық амбулаториялық-емханалық ұйымдарда 74 бастапқы психикалық денсаулық орталығы ашылды. Ауылдарда 219 психикалық денсаулық кабинеті бар», - деді ведомство өкілі.
Оның сөзіне қарағанда, денсаулық сақтау ұйымдарында балалар психиатрларының саны артып келеді.
Министрлік соңғы екі жылда психиатрия бағыты бойынша бюджеттік гранттар санын көбейтті.
2021 жылы психиатрия, балалар психиатриясы мамандығы бойынша 150 астам резидент оқуды тәмамдайды.
Айта кетейік, сәуірдің 2-сі Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні ретінде белгіленген.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 2007 жылғы желтоқсанның 18-індегі арнайы қарарымен бекітілген. 2008 жылдан бастап жыл сайын сәуірдің 2-сінде атап өтіледі.
Бұл Бүкіләлемдік күн Катар мемлекетінің ұсынысы бойынша белгіленді, мұны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы 2008 жылғы жолдауында атап өтті.
Бас Ассамблеяның қарарында, ең алдымен, балалардың аутизм мәселесіне көңіл бөлінді, сондай-ақ диагнозды неғұрлым ерте қою және тиісті тексеру жүргізу атап көрсетілген.