Фото:aikyn.kz алынды
Жастар алтын уақытын телефонға үңіліп өткізбей, оны анағұрлым пайдалы іске жұмсасын – Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы балалардың шығармашылығы мен спорттық қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Осыған қатысты бірнеше маңызды тапсырма берген.2021 жылғы Жолдауында ол балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану үшін шығармашылық және спорт секцияларын көбейтуді тапсырды. Сондай-ақ мектеп оқушыларына арналған үйірмелердің қолжетімділігін арттыруды және осы салада қосымша инвестициялар бөлуді міндеттеді. Бұл бастамалар балалардың жан-жақты дамуына және мәдени әлеуетін көтеруге бағытталған.
Қазір елімізде 600-жуық мектептен тыс білім беру ұйымы жұмыс істейді. Бұл орталықтар балаларға музыка, бейнелеу және театр өнері, хореография сияқты түрлі бағыттарда өздерін дамытуға мүмкіндік ашты. Сондай-ақ соңғы жылдары балаларды цифрлық шығармашылыққа баулитын орталықтардың саны артып келеді. STEAM және IT орталықтары цифрлық өнер, 3D-модельдеу, анимация және графикалық дизайн бойынша балаларға білім береді. Елде осындай 20-дан астам орталықтар жұмыс істейді.
Бұл жерде Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асып жатқан «Жайлы мектеп» жобасын да атап өткен жөн. Жаңа форматтағы мектепте жаңа модификациядағы пәндік кабинеттер, ерекше қажеттілігі бар балалардың кедергісіз жүріп-тұруына мүмкіндік берді, сонымен қатар балалардың білімін ғана емес, шығармашылықпен, ғылыммен, өнермен қолайлы атмосферада айналысуына жол ашты. Биыл аталмыш жоба шеңберінде 217 мектеп ашылса, келесі жылы тағы 152 білім ордасы бой көтермек.