ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният биыл балалар арасында ауруға шалдығу деңгейі төмендегінен айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы, негізгі статистикалық деректерде еліміз бойынша бала туу артты, балалардың аурушаңдығы мен өлім-жітімінің деңгейі төмендеді, оң өзгерістер байқалады. Атап айтқанда, 2020 жылдың 9 айында 320 302 бала дүниеге келді, 2019 жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда бұл көрсеткіш 5 пайызға жоғары», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 18 жасқа дейінгі балалардың жалпы сырқаттанушылық көрсеткіші 15 пайызға төмендеді.
«Былтырмен салыстырғанда балалардың арасында тұмау жағдайлары 28 пайызға аз тіркелді. 2020 жылдың 9 айында пневмониямен жалпы сырқаттанушылық көрсеткіші 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 пайызға төмендеді. Сонымен қатар, нәресте өлімінің көрсеткіші 2,5 пайызға, балалар өлімінің көрсеткіші 8 пайызға азайды», - деді А. Ғиният.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл елімізде COVID-19 диагнозы расталған барлығы 3 164 бала тіркелген, оның ішінде 114 жаңа туған нәресте бар. Қазіргі кезде COVID-19 індеті бар 340 бала бақылауда тұр.