коллаж: qaz.ulysmedia.kz
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева экс-депутат Бекболат Тілеухан мен журналист Айнұр Коскина арасында болған келеңсіз оқиғаға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгін Парламент ғимаратында журналист А.Коскина мен сұхбат беруші Б. Тілеухан арасында болған оқиға журналистика кәсібінің ерекше қарым-қатынас дағдыларын қажет ететін ерекше мамандық екендігін кезекті рет дәлелдеді. Әрине, сұхбат берушінің журналистке қатысты эмоциялық әрекетін ақтау қиын (әсіресе журналистің әйел баласы екенін ескерсек)», - деп жазды Аида Балаева Facebook парақшасында.
Сондай-ақ, министр мәдениетті қарым-қатынас этикасы кез-келген сұхбат барысында сақталуы тиіс екенін айтты.
«Десе де, мәселенің екінші жағы да бар, ол – журналистің кәсіби білігі мен ішкі мәдениеті. Спикердің жеке өмірінің құпиялығы мен құқығын сақтау, тақырып ауқымындағы сұрақтардан тыс ауытқымау, диалог логикасын нақты ұстану – бұл ешкім жоққа шығармайтын жалпыға ортақ өркениет ережелері. Қалай болғанда да Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистердің заңды мүддесін, кәсіби құқығын заң аясында қорғауға қашанда дайын», - дейді ол.