05 қаз, 2023 сағат 14:13

Бала өгей әкесінің тәрбиесінде жүр екен деп тексеріс жасаудың негізі жоқ – ІІМ

Фото: Freepik

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха өгей әкесі бар отбасыларды тексеру туралы осыған дейін айтылған ұсынысқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Баланы өгей әкесі тәрбиелеп жатса, бұл жағдай заң талаптарын бұзу дерегі ретінде саналмайды және қандай да бір тексеруге негіз бола алмайды. Атап айтқанда, кәмелетке толмағанға қатысты құқығы мен мүддесіне нұқсан келсе немесе қылмыстық әрі әкімшілік заңнама талаптары бұзылса, онда тексеру жасалады. Бала өгей әкесінің тәрбиесінде жүр екен деп тексеріс жасаудың негізі жоқ, сондай-ақ бұл мүлдем дұрыс емес деп санаймын», - деді Лепеха Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Еске салсақ, Бас прокуратурада өткен ведомствоаралық кеңесте өгей әкесі бар отбасыларды тексеру туралы ұсыныс айтылды.

Бұл ретте Оқу-ағарту вице-министр Еділ Оспан ведомствоға мұндай отбасылардың жағдайын тексеру туралы ресми ұсыныс түспегенін мәлімдеді.