08 ақп, 2020 сағат 14:59

Бақытбек Смағұл: Дау мен жаудан алыс болып, бірлігімізді сақтайық

Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл Қордай ауданындағы жанжалға байланысты Жамбыл өңіріне аттанып кетті. Депутаттың айтуынша, қазір ел ішін ала тайдай бүлдірмей, ел бірлігін таныта білуі керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қордай жақтан осы хабарды естігеннен кейін әріптесім Шәкір Хахазов екеуіміз бірден сол жаққа жолға шықтық. Елдің жарасын тырнағанымыз дұрыс емес. Одан да сабыр мен ақылымызды серік етіп, елді татулыққа шақырамын. Асыл халқымыздың басынан не өтпеді. Сондықтан береке-бірлігіміз, еліміздің болашағы, ертеңіміз үшін тыныштық қажет. «Ашу – дұшпан, ақыл - дос» дейді дана халқымыз. Біз енді дабырамен емес, сабырмен көп нәрсені шешкен халықпыз ғой. Дау мен жаудан алыс болайық. Өз берекемізді, бірлігімізді сақтайық», - дейді Бақытбек Смағұл.

Бұған дейін Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болғанын хабарлаған болатынбыз.

Көп уақыт өтпей Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жаппай төбелеске қатысты пікір білдірді.

«Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады», деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.

Ал бүгін Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.