04 ақп, 2020 сағат 16:58

Бақыт Сұлтанов ЭКСПО-2020 көрмесіндегі қазақстандық павильонға қатысты айтты

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Дубайда өтетін ЭКСПО-2020 көрмесіндегі қазақстандық павильонға қатысты айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл «ЭКСПО-2020 Дубай» бүкіләлемдік көрмесі «Ақылдарды біріктіре болашақты құру» тақырыбына арналып отыр. Қазақстанның павильоны АҚШ, Швейцария, Италия мен Түркия елдерінің павильондары тұратын «Мүмкіндіктер» кешенінде орналастырылады. Осы көрме арқылы 2 миллион адам қазақстандық павильонмен танысады деген үміттеміз», - деді Бақыт Сұлтанов бүгін Сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген отырысында.

Дубайдағы бүкіләлемдік көрме 2020 жылдың 20 қазанында басталып, 2021 жылдың 10 сәуіріне дейін жалғасады.

Сонымен бірге министр биыл Қазақстанда халықаралық деңгейде Дүниежүзілік сауда ұйымының Министрлік конференциясы өтетінін мәлім етті.

«Конференция ДСҰ-ның жоғары жетекшілік органы саналады. Ол отырыс екі жылда бір мәрте өтеді. Осы конференцияға ДСҰ құрамындағы әлемнің 160-қа тарта мемлекетінен делегаттарды күтіп отырмыз. Сондай-ақ ол конференцияға 20 елдің бақылаушысы, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері келеді», - деді Бақыт Сұлтанов.