28 қыр, 2016 сағат 10:28

Бақсы қобызының құпиясы

1925 жылдың қарт бурадай жараған қарлы қаңтар айының сарышұнақ аязды күндерінің бірі еді. Қазақстанның астанасы Орынбордан Қызылордаға көшіріліп, Сыр-ана зиялы перзенттерін құшақ жая қарсы алып жатты.

Ақмешіттегі ескі ханбазарының дің ортасында үстінде көнетоз күпісі бар, тобығынан қар кешкен жалаңаяқ біреу салпыншақ-сылдырмақты үлкен қара қобызын сарнатып, зарлы күй төгіп отыр. Мұны алғаш көргенде, Мұхтар мен Әлкейдің көздері тас төбелерiне шыққан. Содан соң «бақсы» деген бірі екіншісіне қарап…

Бақсының табанының табы тиген жер от орнындай айтақыр болып, сықырлаған сары аязда буы бұрқырап кеуіп, қара жердің тоңы жібіп, ағараңдап жатыпты. Ерсілі-қарсылы жүріп жатқан базаршылар қобызға қосылып, азалы сарын айтқан бақсыға жақындап, тиын-тебендерін тастауға да именетін сияқты. Оның бал ашып, құмалақ салатын көріпкелдігі, зікір айтып, адам қарайтын емшілігі бар екенін жақсы білетін солардың көбі ретін тапса жақындамай-ақ, тек сырттай бақылап, айналып өткенді мақұл көретін. Ал бақсының күнделікті әдеті де, кәсібі де – осы. Бір мезгіл базарға келіп қобызын сарнатады, реті келсе зікір салып, науқас қарайды, құмалақ шашып жоқ іздейді.

Бұл – Қорқыт күйлерінің соңғы буын орын­даушыларының бірі, Адасқан, Есақай бақсылардың соңғы тұяқ шәкірті, бір жасында шешекпен ауырып көзден қалғандықтан халық арасында «Нышан әз» деген лақап атпен белгілі болған, әйгілі бақсы Смайыл Шәменұлы болатын. Тап сол кез аруақ қонған бақсының дүнияның дидарында отыз үш жас жасап, қылыштай қылшылдап тұрған шағы еді.

Бақсылық өнерді барлай зерттеген В.Н.Басилов «Избранники духов» атты еңбегінде: «Зікір кезінде бақсы суықтың не екенін сезбейді. Эвенкі бақсылары қатты аязда жартылай жалаңаш ұзақ мерзім далада жүретін. Суыққа төзімділік нганас бақсыларына да тән», – деп жазады. Күні бүгінге дейін ұмытылмай, халықтың жадында жаңғырып, сақталып келе жатқан «Нышан Әз» туралы әлгі әңгіменің ұлы нобайы әлем халықтары арасындағы бақсылықты тұтынған елдердің біразында ортақ желі ретінде сақталған. Әсіресе, эскимос, оңтүстік ханты, нганас, чукот, кет, алтай, манчжур, юкагир, селькуп, нивх, саха, бурят, шор сияқты тундра мен Сібір халықтарының, өзбек, қарақалпақ, қырғыз, түрікмен сияқты қоңсы елдердің бірталайында бақсы Тәңір текті тұлға ретінде қатты қадірленген. Дегенмен, бұл халықтар арасындағы бақсы «қызметі» біркелкі емес. Бақсылық киеде кездесетін түрлі қасиеттерге олардың әрқайсысы өзінше басымдық беретіндіктері байқалады.

Бақсы қызметінің ауқымы мен түрін атап шығу үшін ғана көлдей мәселе көтеруге тура келеді. Сібір халықтарының сенімінде бақсы-шаман – түрлі дәрежедегі тау-тас, өзен-көл, орман-су рухтарын бітімге шақырып, адамдардың тұрмыс-тіршілігіндегі мәселелерді оң шешуге ықпал жасаған Тәңір мен табиғат арасындағы дәнекер тұлға. Сібір халықтары арасында дамыған балықшылық-аңшылық үрдіске қатысты барша сәттілік пен сәтсіздіктер бақсының араласуынсыз шешілмеген. Эскимостар арасындағы бақсы қызметінің бастысы аңшылықтың сәтті өтуін ұйымдастыру болса, нганастарда да осы тектес істің барысында бақсы жүрген. Олар табиғи күштерге тікелей әсер етіп отырады деп ұғынылғандықтан, чукот бақсысы «қарлы борандарды тоқтатқан». Ал хантылар мен мансылар бақсы туралы қолайсыз сөз айтудың өзін күпірлік деп санаған. Кет халқының бақсылары ру аралық дау-шарларды шешуде өрелі қызмет атқарғандықтан, оларды ата дәстүрін сақтаушы және оны келер ұрпаққа жеткізушілер ретінде ерекше бағалаған. Кет бақсылары жаңа туған сәбиге ат қойып, оның болашақ тағдырын болжап, үйленіп, тұрмыс құру рәсімдеріне араласқан. Ненец бақсылары дәрілік шөптердің сырын білумен ерекшеленген.

Н.В.Басилов сөзінің асыл дерегі бақсылық қуаттың бір белгісі ретінде табиғаттың қаһарлы суығына төзімділігін айғақ етеді. Эвенкі және нганас бақсысы мен Сыр бойында ғұмыр кешіп, 1979 жылға дейін көзі тірі келген соңғы бақсының бірі – Нышан әздің арасында үлкен ұқсастық бар. Смайылдың қыстың көзі қыраулы сарышұнақ аязда жалаң аяқ қар кешіп отырып, қобыз тартқанын көзімен көрген жандарды Сыр топырағынан сирек те болса кезіктіруге болады. Бір ғажабы, бақсылық – ұлт таңдамайтын, руға бөлінбейтін қасиет. Шаманизм, яғни Тәңірілік сенім дін емес, одан әлде-қайда күрделірек ұғым – табиғат туралы тылсым ілімдердің жиынтығы. Әлем халықтарында жасаған бақсы текті тұлғаларға қатысты ортақ типтік белгілердің шамадан тыс көп болатындығы да сондықтан. Өйткені, адамзат баласының табиғат атты ортақ үйінің иесі мен киесі, табиғат пен адам арасындағы дәнекер тұлға осы бақсы болатын.

Бақсылық сияқты құдіретті тылсымның шегіне жетіп, көңіл көздерін сендіре алмаған Еуропа мен орыс зерттеушілеріне бақсы шынымен де осындай жабайы бейнеде көрінуі әбден мүмкін. Басқаны былай қойғанда бақсыдан әуелі біздің қазақ та зәре-құты қалмай қорыққан жоқ па. Абай данышпан көкірегі қарс айырылып: «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым, тап шыным» дегенде, бақсыны өлгеннен кейін де жалпы қорымға қоспайтындығын айтқан. Содан соң емес пе «бақсыға барсаң бақтыр дейді» деп, біздің жұрттың әңгіменің адымын аштырмай қысқа қайыратындықтары. Алғашында бақсының негізгі қызметінің бірі ауру «бағу» болғандықтан, оның «бақтыр» деуі санаға сыйымсыз емес. Фольклортанушы ғалым Едіге Тұрсыновтың дәлелдегеніндей, ілкі қызметіне қатысты қолданылған «бақ» және «бағу» сөзі кейін оның атына айналғаны да шындық ауылынан алыс емес. Өзі табиғатында жүйке ауруына шалдыққан «науқас адам» басы ауырып, балтыры сыздаған қоғамдастарын емдей алушы ма еді? Әрине, жоқ! Ендеше, бақсының «ауруы» сіз бенен біз ойлағандай кәдуілгі пенделік ауру емес, тылсым дүниелердің шегіндегі жындар мен әруақтар араласқан қан майданның қақ ортасындағы арпалысқа қатысты ерекше дерт.

Нышан әздің сәуегейлігі мен емшілігіне, әсіресе, 1941 жылы қазақ даласын қан қақсатқан Ұлы Отан соғысы жылдарында Сыр өңірі жұртшылығы ерекше илана түсіпті. Бір шаңырақтан үдере көтеріліп майдан даласына аттанған әкесі мен баласының бірі туралы амандық, екіншісі хақында жамандық хабар айту ешқандай пенденің қолынан келмеген ерлік. Ол кезде құзғындай қаптаған қара қағаздың өзі қаншама еді? Ал бақсы болса осы күндердің бірінде де өзінің табиғатындағы турашыл мінезінен бір танбапты. Оның болжағаны божырамай, айтқаны айдан анық келіп отырған. Содан да болар, жалған сөйлеуді білмейтін ерекше қасиетті жанды жаралы отбасылар да жазғырмаған.

…1975 жылдың маусым айы еді. Академик Әлкей Марғұланның да шау тарта бастаған шағы. Елу жыл бұрын Ақмешітте, базардың ортасында жалғыз-ақ рет көрген әлгі бақсыны Әлекең Қазақ радиосының сол кездегі Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі Ахат Жанаев арқылы ақыры таптыртып алады. Бірақ бұл кезде Нышан бақсының қолына қобыз ұстамағанына жиырма бес жылдай уақыт өткен, күй тартуды мүлдем қойған кезі болатын. Содан өнер зерттеушісі Мұсабек Жарқынбеков қоймай жүріп, шеберлерге қобыз шаптырып, әкеліп береді. Сыр өңірінің эпикалық жыршылық үрдісін зерттеп жүрген Алма Құнанбаева сияқты өнертанушының өткізе айтқан өтініш сөзін аяқасты қалдырмай, 83 жастағы қарт бақсы жас кезінде мұраланған Қорқыт күйлерінің сұлбасын тартып, бірнеше бақсы сарындарына қоса 9 күйдің нобайын ғана таспаға жаздыртуға шамасы әрең жетеді. Бақсының қолы қобыздан да, күйден де шығып кеткен екен. Ал 50-ші жылдары Алматыға арнайы тексерту үшін алып келіп, бақсы қобызын олай қарап, былай тексеріп, ақыры өзгеше ештеңе таба алмаған сол кездегі Ұлттық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері Нышан әздің қара қобызын театрға өткізіп жібереді.

Мен осы уақиғаны қобыз күйлерінің қазіргі таңдағы шебер орындаушысы, Ықыластың жұрағаты Саян Ақмолдаға айтып бергенімде, ол біршама уақыт тіл қатпастан, самсоз күйде сұрланып отырып қалды. Содан соң: «Мен ол қобызды міндетті түрде табамын», деген. Кейін барып естідім. Саян шынында да Нышан бақсының қобызын індетіп іздеп жүріп, ақыры тауыпты. Бірақ зәре-құтын алған қорқынышынан соң бақсы қобызын алған жеріне қайта апарып тапсырып, қашып құтылғандай болыпты. Сөйтсек, мәселе былай болған екен.

Қобызшы Саян қолына түсірген бақсы қобызын аялап ұстап, кезекті концерттердің біріне алып шығу мақсатында жақсылап шегін тағып қояды да, қалпына келгесін тартармын деп жатып қалады. Азанда ұйқыдан тұрса түндегі қобызға таққан шек өзінен-өзі үзіліп тұрғанын көреді. Өз көзіне сенбеген ол әлгі қобызға үш күн қатарынан шек тағумен әуре-сарсаңға түседі. Үш күнде де түнде тағылған шек таң алдында өзінен-өзі үзіліп шығады. Мұнда бір түсініксіз тылсымның барына көзі жеткен Саян бақсы қобызымен байланысты мына түсініксіздіктен секем алып, мамандардан ақыл-кеңес сұрайды. Бақсы қобызының мұндай қасиетін білетін кісілердің бәрі де қобызды дереу алған жеріне қайта апарып тапсыруды бұйырады. Саян әлгілердің айтқандарын сол күні мүлтіксіз орындаған.

Алматыдағы М.О.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылымдар арасындағы көріністерде сахнадағы артистер жал-құйрығы күзелген құр аттай шегі мен тиегінен айырылған сылдырмақты, үлкен қара қобызды қолдарына ұстап шығады. Шек тақтырмайтын тарпаңдығы болмаса, әйгілі Нышан бақсының қара қобызы – осы!

Берік ЖҮСІПОВ, фольклортанушы.

"Егемен Қазақстан" газеті