
Медиа-сарапшы Бағдат Қожахметовтің пікірінше, коронавирус пандемиясын әліге дейін жеңе алмай келгенімізге биліктегі жемқорлық кінәлі. Жұмыссыздықтың артуына да, экономика дамуының тежелуіне де осы фактор негізгі себеп. Бұл пікірін ол «Nur Otan» партиясы жақтастарының zoom-конференциясында айтты.
Бүгін саясаттанушы Ерлан Саиров zoom-конференция өткізді. Тақырыбы «Еліміздегі әлеуметтік-саяси жағдай. «Nur Otan» партиясының праймеризі елімізде эволюциялық өзгерістер жасауға бағыт».
«Қоғам ретінде, мемлекет ретінде әртүрлі сын-қатерге, кез-келген індетке, қоғамның проблемаларын шешуге дайын болуымыз керек. Оның барлығы үш бағыттағы мәселеге келіп тіреледі. Ол үш мәселе де біздің елде қазір шешілмей отыр. Біріншісі – білім беру. Білім жоқ жерде мәдениет жоқ, мәдениет жоқ жерде денсаулық жоқ. Білім жоқ жерде заң да жұмыс істемейді, халық та ауырады. Екіншісі – денсаулық сақтау. Бұл сала да ақсап тұр. Білім беру мен денсаулық сақтау саласын реттемесек бәрі бекер. Қоғамдағы ең абыройлы мамандық – мұғалім мен дәрігер болуы тиіс», - дейді ол.
Ал, осы екі мәселенің туындауына себеп болатын "басты мәселе – жемқорлық" дейді Қожахметов. Қазіргі коронавирусты жеңе алмай отыруымызға да осы «дерт» себеп көрінеді.
«Біздегі проблемалардың көбінің артында жемқорлық тұр. Коронавирусты әліге дейін жеңе алмауымызға да сол себеп. Біз пандемияны әйтеуір жеңеміз, бірақ болашақта бұдан да басқа проблемалармен бетпе-бет келуіміз әбден мүмкін. Сондықтан оған дайын болуымыз керек», - дейді Бағдат Қожахметов.
Айта кетейік, биыл маусым айында құрылған «Nur Otan» партиясы жақтастары лигасы мүшелері zoom-конференция өткізіп, елдегі әлеуметтік-саяси жағдайды талқылады. Оған «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев, саясаттанушылар Айдос Сарым мен Қазбек Майгелдинов, журналистер Бағдат Қожахметов, Айдос Жұқанұлы, Рахат Жақсыбай, блогерлер Яков Федоров, Бибігүл Дәулетбекқызы, Самат Нұртаза қатысты.
