Сурет: inbusiness.kz
«7-20-25» бағдарламасы дағдарысқа қарсы әрі уақытылы жүзеге асырылды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық банк тоқсан сайын 25 млрд, жылына 100 млрд теңге делінген ақпаратты қадағалайтын болады. Қазіргі уақытта бұл параметрлерді өзгертуге қатысты ешқандай жоспар жоқ», - деді ол Ұлттық банкте өткен брифинг барысында БАҚ өкілдерінің «7-20-25» бағдарламасына қатысты қойылған сауалына орай.
Сонымен қатар ол арзан әрі нарыққа сай келмейтін несие ұсыну Ұлттық банктің міндеті еместігін баса айтты.
«Іс-шара дағдарысқа қарсы жасалды. Ұлттық банк бұл бағдарламаға қатысты. Олардың барлығы дағдарысқа қарсы әрі уақытылы еді. Бұл іс-шаралардан біз қалай тезірек шықсақ, барлық қазақстандықтар үшін ұзақмерзімді тиімдірек болады», - деді ҰБ төрағасы.
Ғалымжан Пірматов бағдарламаның уақытша болғандығын айтады.
«Естеріңізде болса, 2018 жылы ол жария етілген кезде 1 трлн теңге бөлінетіндігі айтылды және бұл қаражат осы жылдың бірінші жартыжылдығында таусылуы тиіс. Демек, іс жүзінде біз барлық міндеттемені орындаймыз. Уәде беріп, артынан қысқартып тастау деген жоқ. Бұл бағдарламаны үнемі болатындығын әрі қаржыға қатысты ешқандай шектеу жоқтығын ешкім айтқан жоқ», - деді Пірматов.