Фото: Bagdat Kulmagambetov парақшасынан
Сыртқы істер министрлігі Түркияның Алания аймағында тағы бір қазақстандықтың көлік апатынан қайтыс болғанын растады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Қайғылы оқиға туралы көз жұмған келіншектің ағасы Facebook-те жазған болатын.
«Жұма, 13 қазанда қарындасымыз Әлия Құлмағамбетовадан айырылып қалдық. Жасы 38-де ғана еді. Бүкіл өмірі алда, жоспары көп болатын. Оны Аланияның Кестель ауданындағы (Түркия) D 400 тасжолында автомобиль қағып кетті. Полицияның сөзіне қарағанда, ол жолды белгіленген бөліктен, бағдаршамның жасыл түсі жанған кезде кесіп өткен.
Тергеу жүріп жатыр. Көлік тізгінінде жас қыз болған. Оны оқиғаның анық-қанығын анықтағанша, үйіне жіберді. Осының алдында ғана Әлияжан жол-көлік оқиғасына куә болған еді. Тіпті, ол туралы чатқа да жазған. Сондықтан біз полиция айтып отырған нұсқаның дұрыстығына сенімдіміз – жолды ережеге сай кесіп өткен. Түрік тарабы тергеуді әділ жүргізеді деп үміттенеміз», – дейді марқұмның ағасы.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров қайғылы қазаның болғанын растап, оқиғаның мән-жайын Бағдат Құлмағамбетов толық жазғанын мәлім етті.
Жазбада Әлия Құлмағабетованың өмірі үзілген тасжолдың «ажал жолы» екені айтылған.
«Бір ай бұрын ғана Атыраудан барған отбасының Түркияда көлік апатынан қаза болғаны туралы ақпарат есеңгіреткен еді. Жол-көлік оқиғасы тағы да осы Аланиядағы D-400 тасжолында болды. Жергілікті тұрғындар оны ажал жолы деп атайды. Жол жағалауды көктеп өтеді. Теңізге жету үшін жолды кесіп өту қажет. Қайғылы оқиға туралы түркиялық пабликтер жазды», – деп жазды Бағдат Құлмағамбетов.
Айтылғандай, аталған трассада көбіне ТМД елдерінен келгендер ажал құшады. Себебі бұл мемлекеттерде жаяу жүргінші жолағында адамдарға үнемі жол беріледі.
Түркияға баратын қазақстандықтарды әсіресе Алания аймағында жол ережесін сақтау ерекшелігін ескеріп, сақ болуға шақырған жазба авторы қайғылы оқиға кезінде қолдау көрсетіп, көмек ұсынған Қазақстанның бас консулдығына, оның қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Еске салсақ, қыркүйекте Түркияның осы Алания аймағында Қазақстан азаматшасы мен оның екі жасар сәбиі көз жұмған болатын. Кейін аталған отбасының отағасы да ауруханада қайтыс болды.