04 жел, 2018 сағат 07:53

Әзербайжан тілі емле ережелерінде бізбен ұқсастықтар бар

26-29 қараша аралығында Назарбаев университетінің доценті Жазира Ағабекова, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының аға ғылыми қызметкелері Айнұр Сейітбекова мен Елімай Шынатай латын әліпбиіне негізделген әзербайжан тілі емле ережелері жобасымен танысу, зерттеулер жүргізу, тәжірибе алмасу мақсатында Әзербайжан Республикасының Баку қаласына іссапарға барып келді.     

Іссапарда Насими атындағы Тіл білімі институтындағы әзірбайжан тілі  емле ережелерін зерттеген Елчин Ибрахимов, Шабхам Хасалы Карибова сияқты беделді орфограф, фонетист ғалымдарымен және  Айнел Енвар Мешадиева, Майыл Виннатоғлы Асқаров,  Исмайыл Мамадлі, т.б.  сала мамандарымен кездесіп, сұхбат жүргізді.  

Пікір алмасу барысында әзербайжан халқының жаңа әліпбиге өту тәжірибелері, емле ережелеріндегі өзгерістер, түркі халықтарына ортақ таңбалар мәселелері талқыланды. Институтының директоры, академик Мохсун Нагисоғлы: «Емле түзуде бар қиындық басқа тілден енген кірме сөздер мен күрделі сөздерді  орфографиялауда болады» деген пікірін білдірді. Орыс тілі арқылы енген шеттілдік сөздерді әзербайжан тілінің артикуляциясына сәйкес игеріп жазу  1960 жылы кирил графикасымен шыққан 117 тармақтан тұратын емле ережелерінде бар екенін атап көрсетті. Мәселен, кирилдің ю таңбасына балама ретінде  ү  әрпі қолданылған. Мысалы, бүро, бүллетен т.б. Сол сияқты кирилдің ц әрпінің орнына  сөз басында с-мен консерт, просес, ал сөз ортасында тс-мен Кузнетсов, Мотсарт т.б. Тіпті ет қосымшасымен аяқталатын орыс сөздерін әзербайжан тілінің дыбыстық әуезіне сәйкес фәкүлтә, комитә деп жазылған. Яғни, әзербайжан тілі емле ережелерінде орыс тілі арқылы енген шеттілдік және еуропа сөздері 1960 жылдан бастап  ұлт тілінің дыбыстық ерекшелігіне сәйкес игеріп жазуды бастаған. Содан кейінгі 2013, 2018 жылғы емле ережелерінде қайта толықтырылған. Шеттілдік сөздерді игеруде әзербайжан тілі  мен қазақ тілі емле ережелеріндегі өзара орфограммалық ұқсастықтары бары анықталды. Бұл енді кезекте ортақ түркі жазуын қалыптаструға негіз болатыны сөзсіз.

Екінші күні институт мамандары Насими атындағы Тіл білімі институтының 13 бөлімімен және сала мамандарының ғылыми еңбектерімен таныстырды. Институтта Әзербайжан лингвистикасының қалыптасуы мен дамуы мәселелеріне арналған 600-ден астам монографиялар мен ұжымдық еңбектер, журналдар жарияланған. Қазіргі таңда институт – Әзербайжан тілінің фундаменталдық зерттеулері орталығы. Ондағы лингвистер тілі білімне қатысты зерттеулер жүргізіп, елдегі тілдік ахуалды, лингвистикадағы өзекті мәселелерді уақытылы анықтау және оның шешімін көрсетуді мақсат еткен.

Қазіргі әзербайжан тілі тазалығы мәселесімен қызу айналысатын – мониторинг бөлімі болды. Бұл бөлім әзербайжан тілінің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тіл тазалығын сақтау және БАҚ және қазіргі көрнекі ақпарат т.б. мәтіндерінің, ел алдында жүретін адамдардың (әртіс, әнші, қоғам қайраткерлері, журналистер, ғалымдар) әзербайжан тілі нормасына сәйкес қолданылуын, фонетикалық және грамматикалық қателердің болмауын қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Қазіргі таңда бөлім ел президентінің «Әзербайжан тілінің тазалығын сақтауды қамтамасыз ету туралы» жарлығы негізінде өз алдына дербес «Мониторинг орталығы» ретінде құрылмақ. Осы орталыққа ел президентінің өзі тікелей төрағалық етеді. Тіл тазалығын сақтау туралы жарлықты бұзған жеке және заңды тұлғаларға заң бойынша айыппұл салынып, тиісті әкімшілік шаралар қолданылатын болады.

Іссапар барысы «Тіл тазалығына» арналған бұндай орталықтың өз елімізде де ашылуы маңыздылығы айқын екенін көрсетіп тұр.

А. Сейітбекова,

Е. Шынатай