ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары қызметіне Салтанат Томпиева тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«ҚР ИИДМ Жауапты хатшысының 2019 жылғы 23 желтоқсандағы бұйрығымен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің, ҚР Үкіметінің және ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары лауазымына Томпиева Салтанат Еркінқызы тағайындалды», - делінген комитеттің Facebook-тағы парақшасында жарияланған ақпаратта.
Салтанат Томпиеваның Азаматтық авиация комитетінде еңбек өтілі 20 жылдан асады. Ол азаматтық авиация саласындағы қызметін Азаматтық авиация комитеті авиациялық қауіпсіздік секторының жетекші маманы болып бастады. 1999-2008 жылдар аралығында Стратегиялық жоспарлау, әуе қызметтері нарығын қалыптастыру бөлімдерінің, Әуежайлар қызметін реттеу басқармасының, әкімшілік-құқықтық жұмыс және халықаралық қатынастар бөлімінің бас маманы қызметтерін атқарды. 2008 жылдан 2012 жылға дейін - Әуе кеңістігін пайдалану, Халықаралық стандарттарды енгізу, Халықаралық қатынастар басқармаларының бас сарапшысы.
2012 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Халықаралық қатынастар және әуе тасымалдары басқармасының басшысы, Халықаралық қатынастар және әуе тасымалдары басқармасының бас мемлекеттік авиация инспекторы – басқарма басшысы лауазымдарын атқарды.
Мемлекеттік қызметтегі еңбек жетістіктері үшін «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медальдарымен, «Құрметті авиатор» ведомстволық төс белгісімен, «Ерен еңбегі үшін» Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасымен марапатталған.