Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусымда өткен референдумға қатысқан ел тұрғындарына алғыс айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Құрметті отандастар! Кеше елімізде айрықша мәні бар тарихи оқиға болды. Мемлекетіміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ата заңымызға ұсынылған өзгерістерді азаматтардың басым көпшілігі қолдады. Референдум жоғары деңгейде өтті. Мұны халықаралық және отандық байқаушылар да айтып жатыр. Конституциялық реформалар қоғамда қызу талқыланды. Дауыс беру барысы демократия талаптарына сай өтті. Ешқандай мәжбүрлік болған жоқ.
Референдум нәтижесі саяси жаңғырудың анық символына айналды. Азаматтарымыз зор жауапкершілік танытты және отансүйгіштік қасиетін паш етті. Біз Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бірлігіміз бекем екенін көрсеттік. Конституциялық түзетулер мемлекеттігіміздің тұғырнамасын түбегейлі өзгертеді. Бүкіл қоғамның дамуына тың серпін береді. Референдумға белсене қатысып, қолдау білдірген барша халқымызға зор ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, конституциялық өзгерістердің мән-маңызын түсіндіруге атсалысқан азаматтарға, түрлі қоғамдық ұйымдарға алғыс айтамын" - деді Президент үндеуінде.