22 ақп, 2022 сағат 12:44

Азаматтардың мобильді аударымы: банктер салық органдарына қашан ақпарат бере бастайды?



Банктер ақша аударымдары туралы мәліметтерді мемлекеттік кіріс органдарына беретін болады. 2025 жылға дейін табысы туралы салық органдарына ақпарат берілетін адамдар тізімі кеңейеді деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлады.

"2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілгендер және олардың жұбайы бойынша ақпарат беріледі", - делінген мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратында.

Салық кодексі аясында 2025 жылға дейін екінші деңгейдегі банктер мемлекеттік кіріс органдарына жеке тұлғалардың мынадай санаттары бойынша кезең-кезеңмен ақпарат береді:

1-кезең.

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілгендер және олардың жұбайы бойынша ақпарат беріледі.

2-кезең.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бюджеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұбайы, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайы бойынша ақпарат беріледі.

3-кезең.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары және олардың жұбайы, жеке кәсіпкерлер (ИП) және олардың жұбайы

4-кезең.

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап халықтың қалған барлық санаты бойынша ақпарат беріледі.

Қандай аударымдарға салық салынады

Жеке тұлғаның банктік шотына 3 күнтізбелік ай қатарынан әр түрлі 100 және одан көп адамнан ақша түссе, салық салынады. Өйткені бұл кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан кіріс алу белгісі болып саналады.