16 нау, 2022 сағат 13:53

Азаматтардың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын – Тоқаев


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Жаңа Қазақстанды» бірге өркендетуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын. Ең бастысы – еліміздің егемендігі. Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Мені ең алдымен халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады. Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі мемлекетімізді қорғап қалу мен үшін аса маңызды», - деді Президент.

Осы жолда Мемлекет басшысы жауапкершіліктің бәрін мойнына алуға дайын екенін атап өтті. 

«Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін киелі парыз. Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты. Ендеше «Жаңа Қазақстанды» бірге өркендетейік, ағайын. Қастерлі Отанымыздың тұрығы мығым, абыройы биік бола берсін!», - деді Тоқаев.