09 қаз, 2023 сағат 13:54

Қазақстан Ауғанстанға құтқарушылар мен гуманитарлық көмек жібереді

Фото: twitter.com/PDChina

Қазақстан Ауғанстанға құтқарушылар мен гуманитарлық көмек жібереді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетеді. Бұл мәселе Үкіметтік комиссияның отырысында талқыланды. 

Гуманитарлық көмек азық-түлік тауарлары, шатырлар, дәрі-дәрмектер, киім-кешек және басқа да қажетті заттардан тұрады. Жүктер жақын арада әуе және теміржол көлігімен жөнелтіледі.

Сонымен қатар Ауғанстанға үйінділер астында қалған адамдарды құтқару үшін ТЖМ құтқарушылары, соның ішінде кинолог мамандар жіберіледі" - делінген хабарламада.

Қазақстан Ауғанстанға биылғы 7 қазанда Герат провинциясында болған жойқын жер сілкіністерінің салдарын жою мақсатында қолдау көрсетеді.