Құқық қорғаушы Айман Омарова «Халық үні» әлеуметтік жобасының басталуына орай түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі «Халық үні» жобамыз Президент тұжырымдамасын негізге алып отыр. Осы жоба аясында ел халқы тиісті мәселелерді жеткізіп, оңтайлы тәжірибесімен де бөлісе алады. Мұның барлығы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы лайықты деңгейде іске асуы үшін қажет болып тұр», - деді А. Омарова Antikor алаңындағы онлайн баспасөз мәслихатында.
«Халық үні» жобасы барысында алға негізгі алты міндет қойылып отыр. Олар:
1. Билік пен бұқараның арасындағы байланысты нығайту;
2. Мемлекеттік қызметтерді, әлеуметтік төлемдерді алу шарттарын тұрғындарға кеңінен түсіндіру;
3. Әлеуметтің әл-ауқатын арттыру мақсатында жүзеге асып жатқан мемлекеттік саясатты жан-жақты түсіндіру, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу белсенділігін арттыру;
4. Шалғай аймақтардағы тұрғындарды ақпараттандыру саласын жетілдіру;
5. Халық арасында түрлі әлеуметтік мәселелерді талдап-таразылап, мониторинг жасау;
6. Мемлекеттік органдардың жұмысының дұрыстығын қамтамасыз ету арқылы халықпен ұдайы кері байланыс орнату.
«Жоба аясында Абай ауданына сапарлаған кезде тұрғындар тарапынан түрлі мәселелер көтерілді. Бұл жобаға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі де қатысқаны тиімді болатынын түсініп отырмыз. Осы орайда агенттік өкілдеріне, «Altyn Qyran», «Human Rights Lawyers» қорларына алғысымды айтқым келеді. Олар алғашқы сапарымыз барысында өзінің елеулі үлесін қосып үлгерді. Аталған ауданда кітапхана, интернет мәселесі, мектептерде ағылшын тілін оқыту, тұрғындардың денсаулығы проблемалары зерделенді. Бұл тұрғыда проблемаларды ескеріп, хаттама даярлап, оны Президент Әкімшілігіне жолдадық», - деді Айман Омарова.
Бұдан бұрын хабарланғандай, қараша айының басында Айман Омарова «Халық үні» жобасы бастау алған Шығыс Қазақстан облысындағы Абай ауданы халқының проблемаларын атады.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тікелей қолдауымен ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, құқық қорғаушы Айман Омарованың бастамасымен және «Altyn Qyran», «Human Rights Lawyers» қорларымен әріптестікте «Халық үні» әлеуметтік жобасы қолға алынған.