27 қыр, 2022 сағат 16:12

Аймағамбетов мектеп күзетшілерінің жұмысын сынға алды


ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектептерді күзету үшін арнайы оқу-жаттығу өткізуді ұсынды. Оның пайымынша, мектептердегі мамандандырылған күзет қызметкерлерінің жұмысы көңіл көншітпейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ең алдымен министр қызметкерлердің жиі ауысатынын, тіпті күн сайын ауысатынын атап өтті, бұл мектептердегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге теріс әсер етеді. 

Оған қоса, күзетшілер балалардың мінез-құлқы мен мектеп тәртібін білуі керек. 

«Біз мектептерде мамандандырылған күзет агенттіктері болуы керек деген шешім қабылдағанда негізінен тиісті қарсылық көрсете алмайтын немесе қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ете алмайтын вахтерлардың орнына осы талаптарға сай келетін мамандар келгенін қаладық. Бірақ қазір кейбір фактілер мамандандырылған күзет агенттіктері арқылы келген қызметкерлердің бізбен бұрын жұмыс істеген әріптестерінен еш айырмашылығы жоқ екенін көрсетті. Біз үшін бірінші кезектегі мәселе – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сондықтан, білім басқармасы шарттар жасасқанда талаптар мен конкурстық құжаттамада осы жайттарды ескеріп, қауіпсіздік компанияларынан барлық қажетті дағдылар мен құзыреттерді талап етуі керек. Осының бәрін байқау өткізу кезінде талапқа сай келтіру керек», - деді министр аппараттық жиналыста.

Министр мектептердің кез келген оқыс жағдайларға дайын болуы керектігін, оларға әрекет ету алгоритмін Ішкі істер министрлігімен, Төтенше жағдайлар министрлігімен және басқа да мүдделі органдармен бірге жаңарту қажеттігін айтты.

«Егер мұндай мүмкіндік болса, олармен тиісті жаттығу өткізу керек. Балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жан-жақты шара қабылдау қажет», - деді Оқу-ағарту министрі.