07 қаз, 2020 сағат 12:50

Әйгерім Күкеева: Қалаға көшіп кеткендердің үштен бір бөлігі ауылдарына қоныс аударуға дайын

Қазақстанда 18 миллионнан астам тұрғын болса, оның 14,5 миллионы 14-29 жас аралығында жас буын. Бұл туралы бүгін елордада өткен ауыл жастарының II Республикалық форумында жастар қанатының төрағасы Әйгерім Күкеева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ауыл жастарының II Республикалық форумында «Ауыл» халықтық - демократиялық патриоттық партиясының бастамасымен «Ауыл» ХДПП жастар қанатының ережелеріне өзгертулер енгізу мақсатында жаңа құрамға дауыс берілді. Форумға қатысушылар Атқару комитетінің жаңа құрамын мақұлдап, жастар қанатының төрағасын сайлады. Бұл қызметке С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың тәрбие жұмысы департаментінің директоры Әйгерім Күкеева бірауыздан сайланды.

«Қазақстанда 18 миллионнан астам тұрғын болса, оның 14,5 миллионы 14-29 жас аралығындағы жас буын. Еліміздің қай өңірінде болсын жастар бар. Олардың көп шоғырланған жері – ауыл. Жастардың күшін біріктірмей ауылды көркейту – күрделі шаруа. Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар. Ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың білім мен білік сапасына, ынтасы мен ұмтылысына байланысты. Сондықтан мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – жастар секторы. Қазақстанда жастар секторына айрықша назар аударылуы тиіс», - дейді жастар қанатының төрағасы Әйгерім Күкеева.

Ол ауыл жастарының қалаға қоныс аудару үрдісі қарқын алып келе жатқанын айтты.

«Оған бірнеше фактор әсер етуде. Ол – ертеңге деген сенімнің болмауы, жастардың бос уақытының тиімсіз өтуі, медициналық қызмет көрсету сапасының төмендігі, сыбайлас жемқорлық. Ауыл тұрғындарының үштен бір бөлігі өздерінің елді мекендеріне қоныс аударуға дайын. Талдау жұмыстары көрсеткендей, өңірдегі жастардың жағдайы мәз емес. Жастар өз өмірін ауылмен байланыстыру үшін тұрақты жұмыс, лайықты еңбекақы, өмір сүруге қолайлы инфрақұрылымның болғанын қалайды. Егер белгіленген жоспарлар дұрыс орындалса – мемлекеттік жастар саясаты белгілі бір нәтижеге жетері анық. Ал жастар өмірі сапалы, жаңа деңгейге көтеріледі», - дейді ол.