ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әйелдердің зейнет жасын төмендету бойынша қандай жұмыс атқарылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып сақталады. Осы 5 жыл ішінде біз денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруіміз керек. Ол үшін ауылдағы медицинаны жақсартамыз, аудандардағы медициналық емханаларды жаңғыртамыз, көпбейінді ауруханалар саламыз», - деді Үкімет басшысы Мәжілісте тілшілерге берген сұхбатында.
Сонымен бірге, Премьер-Министр зейнетақы жүйесін әрі қарай жетілдіру керектігін атап өтті.
«Жинақты зейнетақы алу мөлшерін 2025 жылға 27 процентке ұлғайтамыз деген жоспарымыз бар. Осы жұмыстың нәтижесінде 2028 жылы зейнетке шығу жасын әрі қарай ұлғайтамыз ба, әлде қалдырамыз ба - қарастырып көреміз», - деді Смайылов.
Айта кетейік, қазақстандық әйелдер 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 61 жасында зейнетке шығады.