21 ақп, 2024 сағат 12:32

Әйел мен бала құқықтарына қатысты заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды


Мәжіліс әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады деп хабарлайды «Ұлт Ақпарат».

Құжат Мемлекет басшысының жолдауындағы тапсырмаларын іске асыру үшін депутаттардың бастамасымен әзірленді. Заң жобаларына зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның ар-намысын қорлауға жол бермеу үшін бірқатар норма енгізіледі. 

Біріншіден, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 200 АЕК дейін айыппұл түріндегі жаза, не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу; Ұрып-соққаны үшін 80 АЕК-ке дейін айыппұл не 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 25 тәулікке дейін қамауға алу. 

Екіншіден, кәмелетке толмаған не дәрменсіз күйдегі адамды азаптау, денсаулығына ауыр және орташа зиян келтіргені үшін жазаның «бас бостандығын шектеу» балама түрі алынып тасталып, тек бас бостандығынан айыру; Жас баланы өлтіргені немесе педофилия үшін «өмір бойы бас бостандығынан айыру» жазасы қолданылады.

Үшіншіден, кәмелетке толмағандарға қатысты немесе отбасында әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдардың мінез-құлқына ерекше талаптар қолданылады. Атап айтқанда, сот шешімі бойынша олардан медициналық ұйымдардан психологиялық көмек талап етілуі мүмкін. Сондай-ақ зорлық-зомбылық деректерін уақытылы анықтау үшін уәкілетті органдардың бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарламаларға ден қою мүмкіндігі қарастырылған.

Суицидке итермелегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады

Суицидтің алдын алу мақсатымен өзін-өзі өлтіру немесе оған итермелегені үшін 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылады. Суицидті насихаттағаны үшін 200 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жаңа қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. 

Сонымен қатар кәмелетке толмаған баланы қорқыту және кибербуллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі (10 АЕК айыппұл салынады).

Отбасы институты нығайтылады

Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға, сақтауға, нығайтуға және балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз етуге негізделген неке-отбасы заңнамасының қағидаттары бекітіледі. 

Жергілікті атқарушы және өкілді органдардың мемлекеттік отбасылық саясатты іске асыру жөніндегі бірқатар құзыреті қарастырылады. Мысалы, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтап, оларға жан-жақты қолдау көрсетілмек.

Интернаттарда мемлекеттік бақылау алдын ала хабардар етпей жүргізіледі

Интернат ұйымдарында тұратын балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін әлеуметтік маңызы бар нысандарда (тамақтану, білім беру, сауықтыру, емдеу және т.б.) кедергісіз тексеру жүргізу жөніндегі нормалар көзделген. Осылайша, интернаттарда мемлекеттік бақылау алдын ала хабардар етпей жүргізілетін болады. 

Сондай-ақ арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға, балаларға білім беру және сауықтыру қызметтерін міндетті лицензиялау ұсынылады. 

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды қорғау үшін заң жобаларында көзделген шаралар

Әр ауданда отбасын қолдау орталықтарын ашу; өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды ерте анықтау бойынша мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыру; психологиялық және өзге де көмек көрсету үшін 111 контакт центр құру; зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке, қорқытуға ұшыраған кәмелетке толмағандарға көмек көрсету бағдарламаларын әзірлеу ұсынылады. 

16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамды автобустан және өзге де қоғамдық жолаушылар көлігінен мәжбүрлеп түсіргені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. 16 жасқа толмаған балаларға жыныстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі.