Фото ашық дереккөзден алынды
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха отбасылық тирандарды үйінен қуып шығу туралы бастамаға түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ведомство отбасында зорлық-зомбылық жасайтын қазақстандықтарды үйінен қуып шығаруды ұсынып отыр.
"Біріншіден, ешқандай мәселе туындамас үшін мұндай шешімді сот қабылдайды. Егер бұл норма қабылданса, әрине. Негізі қазір мұндай норма заңнамада бар. Судья күш көрсететін адамның басқа баспанасы бар болған жағдайда ғана осы шараны қолдана алады. Міне, біз осыны алып тастағымыз келіп отыр. Яғни егер судья агрессорды үйінен қуып шығаруды ақылға қонымды деп тапса, ол үйден шығару туралы шешім қабылдайды", - деп түсіндірді Лепеха үкіметте өткен брифингте.
Осы орайда журналистер үйінен қуылған отбасылық тирандар басқа жерде агрессия көрсетпей ме деп сұрады.
"Әдетте отбасында зорлық-зомбылыққа баратын адамдар қалған жағдайларда жасық келеді, заңға бағынады. Осындай, міне, парадокс. Егер басқа жерде күш қолданып жатса, онда тағы да жауапқа тартамыз", - дейді ішкі істер министрінің орынбасары.