ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының қандай құқықтары болатындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы Парламенттің регламенті мен Конституциялық заң бойынша депутаттық топ тіркелгеннен кейін Парламенттік тыңдау ұйымдастыруға, депутаттық сауал жолдауға, кез келген үкіметтік ұйымның басшысын шақыруға, есеп алуға, құжаттарын сұратуға қақысы бар. Естеріңізде болса, соңғы шақырылымда депутаттық топтар болған жоқ. Біздің жұмысымыз үй ішінен үй тігу емес. Ең алдымен Мәжілістің, Парламенттің жұмысын барынша жандандыруымыз, әлеуетін дұрыс пайдалануымыз, ішкі реформаларды жүзеге асыруға көмектесуіміз керек. Көптеген бағдарламаға сын айтылды, ақиқат та айтылды. Оған да бас-көз болу қажет. Оған да саяси қолдау керек екен», - деді Сарым елордада ұйымдастырған баспасөз мәслихаты барысында.
Айдос Сарым Қорғас, утильалым, Алматыдағы «Алтын орда» базары сынды түйткілді мәселелерді бақылауда ұстайтындықтарын атап өтті.
«Біздің ойымызша, осының бәріне тек атқарушы билік қана емес заң шығарушы билік те тікелей араласып, қадағаламаса, кейбір мәселелер қалып қояды, орындалмайды немесе ұзаққа созылып кетеді. Осы мәселелерге БАҚ-пен, саяси күштермен қатар етене араласып, елдегі саяси-экономикалық және басқа да реформалар мен жаңғырту үдерістерін ілгерлету үшін еңбек етпекпіз», - деді Айдос Сарым.