Фото: parlam.kz
20 қаңтарда АҚШ-тың 47-ші президенті Дональд Трамп қызметіне ресми кірісті. «АҚШ-тың алтын ғасыры дәл қазір басталды. Бүгіннен бастап біз гүлденеміз, барлық ел бізге қызғана қарайтын болады» деді Дональд Трамп президент ретінде сөйлеген сөзінде. Осы орайда ҚР Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Ult.kz тілшісіне бұдан кейін АҚШ пен Қазақстанның қарым-қатынасы, экономика мен геосаясатқа әсері қалай болатыны туралы ойымен бөлісті.
«Мен Трамптың билікке келуімен Қазақстанға бір қиянат немесе қиындық келеді деп ойламаймын. Ол сайланбай тұрып, ТМД аймағында телефонмен сөйлескен екі басшы бар, бірі Зеленский болса, екіншісі біздің президент. АҚШ-пен біздің қарым-қатынасымыз жақсы. Біз санкциялық саясатына, басқасына ашық қолдау білдірмесек те, заң мен ережелерін сақтап отырғанымыз анық. Қазақстанның аймақтағы рөлі, Қытаймен арадағы қарым-қатынасымыз, басқасы біздің ара-қатынасты бұзуға мүмкіндік бермейді деп ойлаймын.
Екіншіден, ол кісінің келінен бәрін қырып-жояды деген сияқты әртүрлі адам шошитын болжамдар болды. Меніңше, бізге мүмкіндік түсетін сияқты. Ең алдымен, АҚШ Қытаймен қарым-қатынасын жаңа деңгейге шығарғысы келетін сияқты. Бұл арада Қытаймен етене жақсын, стратегиялық әріптес болып табылатын Қазақстанның өзінің мүмкіндіктері ашылады», – дейді депутат Айдос Сарым.
Мәжіліс депутатының сөзінше, Трамптың алғаш жасаған шешімдерінің бірі – Париж келісімінен шығу. Париж келісімі бойынша біз де өзімізге көптеген міндеттеме алған болатынбыз. Экологиялық, экономикалық т.б деген сияқты. Бірақ экономика бәрінен маңызды екенін түсіндіруге тырысты.
«Шынын айту керек, Қазақстанның кәсіпорындары мен экономикасы үшін қосымша салық сияқты. Біз бәрін тастап, бензиніміздің сапасын қарауымыз керек, басқасын жасауымыз керек. Біздің өнеркәсіп шығаратын өнімге қосымша бағасының артуы, оның бәскеден тыс болуына алып келеді. Осы тұрғыдан, біз қазір АҚШ-тың алғашқы қадамдарына назар аударуымыз керек. Егер шынымен бұл ұзақ мерзімді саясат болатын болса, бәлкім біз үлкен бір пәледен құтылатын шығармыз. Өзіміздің бізге таңып берген мерзімдер емес, өзіміздің халықтың талабынан туындайтын дүниелерге барайықшы. Мысал келтірейін, кеше депутаттарымыз Сәтбаевта, Қарағанды облысында болды. Қара қар мәселесімен. Логикаға салатын болсақ, ол қарды кім жасап отыр? Сол жердегі 2-3 кәсіпорын. Қаланың экономикасын қамтамасыз етіп отырған дүниелер. Бүгінгі біздің экологтардың талабына салсақ, оны біз бір күнде жауып тастауымыз керек. Сонда қарымыз ағарады, бірақ есесіне сол жердегі жұрттың бәрі жұмыссыз қалады. Бұл үлкен экономикалық, шынын айтатын болсақ, күрделі мәселе», – деді Айдос Сарым.
Депутаттың айтуынша, біз көптеген жағдайда экономикалық тұрғыдан да, ең бастысы технологиялық тұрғыдан да дайын емеспіз.
«Байқасаңыз, ауаны ластап отырған алпауыт кәсіпорындар бүкіл трубасының бәрін бұзып, қайтадан салып, оған фильтрлер салғаннан гөрі, олар жыл сайын соттасып, айыппұл төлей салған арзан. Және оны сонда істепе отырған азаматтардың өзі де қолдайды. Өйткені олардың отбасының нәпақасы. Біз экономикалық-әлеуметтік тұрғыдан тығырықтамыз ғой, бұл тұрғыдан біз де ойлануымыз керек. Меніңше, осындай мүмкіндіктердің саны артатын сияқты. Ең бастысы, көріп отырғанымыз, АҚШ-тың саясатында белгілі бір жаңа динамика пайда болып жатыр. Әлемдік қарым-қатынастарда жаңа бір динамика пайда болып жатыр. Бұл да бізге мүмкіндік», – дейді Айдос Сарым.
Оның пікірінше, АҚШ-тың біз үшін бизнеске жол ашатыны анық көрінеді. Ал бизнестің жолы артатын болса, әлемдік сауда арта түспек. Сонымен қатар, әр елдердің арасында неше түрлі барьерлердің бар екенін ескеретін болсақ, әлемдік экономика да артады.
«Әлемдік экономиканың артқаны бізге де мүмкіндік. Ең бастысы, бізді алаңдатып отырған мәселе, әрине мұнай мәселесі. Өйткені АҚШ өзі мұнайды өндіретін де, мұнайды тұтынатын да ең үлкен экономика ғой. Сондықтан тым арзандап кетеді дегенге де сенбеймін. Өйткені АҚШ-тың да халықаралық міндеттемелері бар. Олар да Араб елдердің көбісімен стратегиялық серіктес. Соның бәрі үлкен саудаға алып келеді деп ойлаймын. Соның арасында, ең бастысы, тосыннан тыс дүниелер болмаса, бізге зиян келмейді. Ең бастысы, маған ұнап отырғаны, АҚШ әлемдегі барша қызу соғыстардың бәрін тоқтатқысы келеді. Соғыс дегеніміз экономиканың төмендеуі, бизнестердің жойылуы. Әрине, бір жылдың ішінде тоқтата алмайтын шығар, өйткені Ресей мен Украина арасындағы конфликт менің түсінігімде ұзақ мерзімді, бәлкім ондаған жылдарға созылатын конфликт», – дейді Мәжіліс депутаты Айдос Сарым.