Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласындағы арнайы әлеуметтік көмек орталығында көптеген кемшілік болған. Бұл туралы бүгін онлайн форматында өткен ведомствоаралық комиссия отырысында Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның атап өтуінше, күні кеше ғана Ұлттық превентивті тетіктерге қатысушылар Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласындағы арнайы әлеуметтік көмек орталығын тексеруге барып бірқатар кемшілікті анықтаған.
«Біріншіден, орталық 1985 жылы салынған бұрынғы балабақша ғимаратында орналасқан. Соған байланысты тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға қызмет көрсетуге арналмаған. 2007 жылы қосымша тұрғын үй құрылысы салынған. Дегенмен, ол да орталық қызметіне бейімделмеген. Айталық, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға аса қажетті бассейн жоқ. Спорт залы жертөледе орналасқан және жарығы мен ауа алмасуы сын көтермейді. Спорт залы ересектерге арналған құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл кішкентай балалардың спортпен айналысу мүмкіндіктерінен айырады. Орталық тәрбиеленушілерінің денсаулықтарын күтіп ұстауына септігін тигізетін спорттық құрал-жабдықтар жеткіліксіз», - деді ол.
Уәкілдің айтуынша, асхана дәлізде орналасқан және келіп-кетушілер тамақ ішіп отырған балалардың көңілін аударады. Дұрыс жабдықталған балалар ойын алаңы, пандустар жоқ, ғимаратта екінші қабатттан бірінші қабатқа түсетін лифті орнатылмаған. Тексеруші органдардың тарапынан бақылау әлсіз. Себебі мекеме тым шалғайда орналасқан.
«Ұлттық превентивтік тетік қатысушыларының пайымынша, тәрбие жұмыстары жеткіліксіз жүргізіледі. Балалардың жас ерекшеліктерін ескеретін тәрбиелік шаралар саны өте аз. Балалар құқықтары бұзылғандығын айтарлықтай мүмкіндіктері жоқ. Олардың құқықтары қалай қорғалатындығы және олардың кері байланысты қалай алатындығы түсінісіз. Толықтай алғанда, Ұлттық превентивтік тетік қатысушылары мекеме өз бейіне сай келмейді деген қорытындыға келді», - деді Эльвира Әзімова.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Аягөздегі әлеуметтік көмек орталығында 4 баланың қайтыс болғандығы хабарланды.
ҚР Ішкі істер министрлігі істің тергелуін өз бақылауына алды. Осы оқиғадан кейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздің әр өңірінде орналасқан медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін 113 мекемеге тексеру жүргізілетінін мәлім етті. Оның ішінде Аягөздегі балаларға арналған арнайы әлеуметтік көмек орталығы бар.