10 сәу, 2023 сағат 15:14

Авиакеросин, дизель және мұнай битумын экспорттауға тыйым салынды

Фото: "ИЗВЕСТИЯ" газеті

Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге Қазақстаннан мұнайдың жекелеген түрлерін экспорттауға тыйым салу туралы Энергетика министрінің бұйрығы күшіне енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы бұйрыққа жалғанған қосымшаға сәйкес мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерлерге Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімге тыйым салу енгізілсін. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін», - делінген күшіне енген бұйрықта.

Енді Қазақстаннан ЕАЭО-дан тыс жерлерге мына мұнай өнімдерін экспорттауға тыйым салынды:

- жеңіл дистилляттар;

- авиакеросиндер және дизель отыны;

- газойлдар;

- толуол, ксилолдар;

- мұнай битумы.

Бұл шектеу Қазақстанның ішкі нарағындағы мұнай өнімдері тапшылығының алдын алу мақсатында енгізілген.