Мен ауылдың баласымын. Ауыл болғанда отыз қаралы үйі бар, төскейінде төрт түлігі тең өрген, қорасы қисайған, шаңы бұрқыраған кәдімгі ауылда туғам. Біреулер құсап қаланың жағдайы жасалған, “туа сала тон кигізер” роддомында туу бақыты бұйырмапты. Пешенеме қаланың емес, даланың қазағы болу жазылған екен. Өзіме салса Астана, Алматы сынды ажарлы қалалардың бірінде туа салар едім. Түбі сол жақта ғұмыр кешетін болғасын, ертерек бой үйрете берген жақсы емес пе?
Мен сол кезде дәл бүгінгідей, қаланы жатырқаған жанымды жұбатар жан іздеп жабықпас едім. Мен сол кезде көліктері сабылған көшеде, сағыныштың салмағы батқан сүлдемді сүйреп бара жатпас едім. Мен сол кезде қала адамдарының жанарындағы бөтендікті, қабағындағы салқындықты көріп жабырқамас едім. Мен сол кезде дүкенге барсам тілім күрмеліп, орысшам жетпей жанталаспас едім. Мен сол кезде… Жә, қойшы! Ауыл баласының қалаға үйрене алмау тақырыбы таусыла қоймас.
Мен сөйтіп, не орманы, не тауы жоқ, Қазақстанның қиыр бір нүктесіндегі аядай ауылда өстім. Біздің ауылдың естігеннің аузын аштырып, таңдайын қақтырар, көргеннің көзін жұмдырып, басын шайқатар сұлулығы да жоқ. Жәй ғана қоңыр тірлігі, аңқылдаған ақжарқын ағайыны бар ауыл ғана…
Жазғы демалыста ауылға бардым. Армандап келген Алматымның керегі болмай, қайта келместей кекірейіп кетіп едім. Алып-ұшып ауылға барсам, “айран-асыр көңілім аяқ асты жер болды, ойнап-күлген өмірдің барар жері көр болдының” кебі болды. Аудан орталығына көшіп кеткелі көп болмаса да, жатырқап қалғандаймын. Кеудеме өксік тығылды. Бұзылған үйлер көңілді бұзып жіберді. Сиқы қашып, селдіреп қалған екен. Көбісі өзге аймақтарға қоныс аударып жатыр. Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?! Қараөзеннің де арнасы ортайған. Суы жоқ жердің шөбі жақсы болсын ба? Шөп шүйгін болмағасын, мал да арық. Халықтың қабағы түсіңкі. Көршімнің көзінен әлдебір мұңды, дәрменсіздікті көрем. Жиырмаға жетпес оқушысы бар екі бөлмелі мектеп пен қуыстай бөлмесі бар ескі мед.пункттен басқа ештеңе жоқ. Жұмыс істеймін деп жұлқынғанның екі қолына бір күрек те табылмайды. Ақша табамын, адам боламын дегені Атырау асып, «вахтовый» жұмыс жасайды. Малмен күнелткен жұрт барға тәубе дейді. Амал қанша… Балалық шақта бақыттың мекеніндей көрінген туған ауылымның базары тарқай бастағаны жаныма батады. Бұл тек менің ғана мұңым ба екен? Ауыл – қазақтың алтын бесігі емес пе еді? «Алтын бесігіміздің» азып-тозып бара жатқанына кімді кінәлаймыз? Бір кем дүние.
Шерхан Талап