Қазақстанда соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы саласында 960 жемқорлық қылмысы тіркелген. Бүгінгі таңда 62 қылмыстық іс тергелуде, деп хабарлады ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов, - деп жазады Sputnik Қазақстан.
"Бүгінгі күні біздің тарапымыздан 62 қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатыр. Бұл істерге 2300 шаруаның қатысы бар. Осы жағдайды ресми түрде қарастырар болсақ, онда олардың барлығын кінәлі деп тануға болады. Қазірдің өзінде жүздеген жаңа іс қозғап, шаруалардың ісін тоқтата алар едік. Бірақ олар көп жағдайда қылмыстық айла-әдістердің құрбаны болып отыр", - деді ол брифингте.
Қазақстанда бес жыл ішінде субсидияға 2 триллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. Осы жылдар бойы лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық істер тұрақты қозғалып келді, деді агенттік басшысы.
Жалпы ауыл шаруашылығы саласында 960 қылмыс тіркелсе, оның жартысынан астамы субсидия жымқыруға (54%) қатысты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі талдау жүргізіп, бюджет қаражатын бей-берекет пайдалануды, көптеген сыбайлас жемқорлық схемаларын және субсидия жымқыру тәсілдерін анықтады.
"Қазір 62 қылмыстық іс тіркелді. 16 адам қамауда отыр. Басқа да күдіктілер бар. Бір ғана бағдарлама бойынша 80 миллиард теңге бөлініп, оның 40 миллиард теңгеден астамы тиімсіз игерілген. Осы салада қабылданған схемалар мен актілер 40 миллиард теңгеден астам қаржыны ұрлауға мүмкіндік берді. Тергеу жалғасуда", - деді Марат Ахметжанов.
Оның айтуынша, республиканың барлық дерлік өңірінде ауыл шаруашылығындағы субсидияларды жымқыруға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
"Біз тек тергеуге ғана емес, сыбайлас жемқорлық сын-қатері мен оны тудыратын жағдайларға талдау жүргізуге де үлкен мән береміз. Бұл сыбайлас жемқорлық қылмыстары не себепті жасалды? Неліктен қазіргі жүйе оған тосқауыл бола алмады? деген сауалдарға жауап іздейміз. Сондықтан соңғы бес жылда 960 қылмыс тіркелді, 460-тан астам адам сотталды десек, онда бүтіндей бір жүйені бұзу қажеттілігі туралы ойланатын уақыт жетті", - деді Ахметжанов.
Агенттік басшысының айтуынша, мұндай жағдайларда жауапкершілік орта буын мен қатардағы мамандарға жүктеледі және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің де осындай жауапкершіліктің құрбанына айналуы да жиі кездеседі.
"62 іс емес, одан да көп қылмыстық іс тіркелуі мүмкін екенін баса атап өткім келеді. Себебі біз сыбайлас жемқорлық жүйесі мен схемасын анықтадық. Барлық облыс бойынша тапсырма бердік, олар бірінен кейін бірі қылмыстық істерді тіркей бастады. Дұрыс мәлімет ала алмаған шаруалардың зардап шекпеуі маңызды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қатысты қозғалған бірқатар қылмыстық іс менің және Бас прокурордың келісімі бойынша тоқтатылды. Өйткені оларға расында да дұрыс ақпарат жеткізілмеген. Сондықтан олар осы алаяқтар мен жемқор азаматтардың пайдасына жалған актілерге қол қойған", - деді төраға.