14 жел, 2021 сағат 10:55

Ауыл шаруашылығы жобаларын іске асыруда 5 облыс көш бастап тұр


Биыл агроөнеркәсіп кешеніндегі жол карталары аясында 263 млрд теңге сомасына 285 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бекітілген Жол карталарына сәйкес 2021 жылға 263 млрд теңге сомасына жоспарланған 285 жобаның ішінен биылдың 11 айының қорытындысы бойынша 241 млрд теңге сомасына 268 жоба пайдалануға берілді. Әкімдіктердің ақпараты бойынша осы жылдың соңына дейін 22 млрд теңге сомасына 17 жобаны іске асыру жоспарланып отыр», - деді Е. Қарашөкеев Үкімет отырысында. 

Оның айтуынша, іске асырылған жобалар бойынша көш басында Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстары тұр. Сондай-ақ 2021 жылғы инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша орындалу деңгейі шамамен 94 пайызға жетті.

«Инвестициялық жобалардың бағыттары бойынша ахуал мынадай болып отыр. 11 айдың қорытындысы бойынша өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында 34,3 млрд теңге сомасына 27 жоба, 7,5 млрд теңге сомасына 6 ет комбинаты, бақтар отырғызу саласында 10,3 млрд теңге сомасына 14 жоба, азық-түлік өнімдерін өндіру саласында 2,3 млрд теңге сомасына 6 жоба, тұқым шаруашылығы бойынша 1,7 млрд теңге сомасына 4 жоба, сондай-ақ 12,9 млрд теңге сомасына 28 репродуктор пайдалануға берілді. Өңірлер әкімдіктерінің ақпаратына сәйкес жыл соңына дейін 22 млрд теңге сомасына 17 жобаны іске асыру жоспарланып отыр», - деді министр.