09 ақп, 2017 сағат 13:31

Ауыл шаруашылығы министрлігі: 26-баптың жерге қатысы жоқ

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов бүгін Астанада өткен баспасөз конференциясында билік өзгертуді ұсынған конституцияның 26-бабының "жер мен жер қойнауына" күші жүрмейтінін мәлімдеді. Конституциядағы жеке меншік туралы бабындағы "Қазақстан азаматы" деген сөзді "әркім" деп ауыстыру ұсынысы қызу талқы тудырған.

"Жеке меншіктегі жерге қатысты жайттар негізінен жер кодексінде реттеледі, яғни конституцияның 26-бабының күші жер мен оның қойнауына жүрмейді. Сонымен қатар жер кодексінде шетелдіктердің жерді меншікке алуына мүмкіндік бермейтін бірқатар шектеулер бар", - деді Қайрат Айтуғанов.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, жаңа ұсыныс бойынша қазақстандықтардың, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке меншік құқығына кепілдік беріледі.

Қаңтардың ортасында Қазақстанда билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлісу жайлы реформалар аясында конституцияның бірқатар баптарына өзгерістер енгізу сөз болған. Солардың арасында конституцияның 26 бабының бірінші тармағында "Қазақстан азаматы заңды жолмен иеленген кез-келген мүлкін жекеменшігіне ала алады" деген сөйлемдегі "азамат" сөзін "әркім" деп өзгерту ұсынылған. Халық арасында бұл ұсыныс конституцияға енгізілсе, онда шетелдіктердің Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлерін иеленуіне мүмкіндік береді деген алаңдаушылық тудырып, әлеуметтік желілерде оған қарсылық білдірушілер көбейді.

Өткен жылы үкіметтің ауыл шаруашылығы жерлерін жекешелендіріп, жерді шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзартуға мүмкіндік беретін реформасы жаппай қарсылық тудырған. Бірнеше қалада қарсылық жиындары өтіп, 2016 жылы мамырда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексінің дау тудырған баптарына мораторий жариялаған.