17 мау, 2022 сағат 12:13

Ауыл шаруашылығы алқаптарының су шығыны тасымалдау кезінде едәуір артып отыр - Қошанов


Еліміздегі ауыл шаруашылығы алқаптарының су шығыны тасымалдау кезінде едәуір артып отыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауыл шаруашылығы мақсатындағы суармалы жерлер негізгі су тұтынушы болып саналады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан 2030 жылға дейін суармалы жердің көлемін 3 млн гектарға дейін жеткізуі керек. Алайда суармалы егіншіліктің одан әрі дамуына ирригация жүйелерінің тозуы кедергі келтіріп отыр. Елімізде гидротехникалық құрылғылардың 90 пайызының техникалық жағдайы төмен. Сол себепті тұтынушыға тасымалдау кезінде су шығыны едәуір артты. Сондықтан гидротехникалық құрылғыларды жаңғырту керек», - деді Қошанов Мәжілістегі парламенттік тыңдау барысында. 

Сонымен қатар ол су үнемдейтін технологияларды енгізудегі кемшіліктерді айтты. 

«Мемлекет басшысы су үнемдейтін технологиялар енгізуді ынталандыру, су тұтынуды реттеу үшін су мониторингінің автоматтандырылған жүйесі қажет екенін айтқан болатын. Былтыр 248 мың гектар алқап су үнемдейтін технологиямен жабдықталған. Бұл көрсеткіш жеткіліксіз екені түсінікті. Бұдан басқа, дамыған елдердегідей су тұтыну мәдениетін қалыптастыру керек», - деді Қошанов. 

Мұнымен қоса ол сумен қамтамасыз ету саласындағы дипломатияға да тоқталды.

«Ішкі су саясаты күшті болмаса, көрші елдермен тиімді су дипломатиясын жолға қою мүмкін емес. Қазақстан аумағының сумен қамтамасыз етілуі өзен ағысы бойынша жоғары орналасқан көрші мемлекеттердің су саясатына байланысты. Сондықтан трансшекаралық нысандарды бірлесіп пайдалануға, мемлекетаралық су қатынастарын жетілдіруге экологиялық қана емес, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі ретінде қараған жөн. Көрші елдермен өзара тиімді ынтымақтастық орнату Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі фактор болуы тиіс», - деді Мәжіліс төрағасы.