27 там, 2020 сағат 17:28

«Ауыл» партиясы өңір дәрігерлеріне COVID-19 науқастарын емдеу туралы семинар өткізді

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ауылдағы медициналық қызметкерлерге коронавирустық инфекциясы бар науқастарды емдеу жөнінде онлайн семинар өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Онлайн семинарға 100-ге жуық ауыл дәрігерлері, фельдшерлер, түрлі санаттағы медицина қызметкерлері Zoom платформасы арқылы қосылды. 

Жиынды «Ауыл» партиясының белсендісі, жоғары санатты невролог-эпилептолог Алтынай Елубаева мен Жоғары санатты невролог дәрігері Гүлназия Иденова жүргізді. Олар пандемия кезінде коронавирус инфекциясы бар науқастарды емдеуге қатысқан. 

«Пандемия кезінде біздің партия ауылдарды аралап, медициналық қызметтердің сапасына мониторинг жүргізді. Әрине онда медицина қызметкерлерімен, ауыл тұрғындарымен кездесіп, осы індет туралы ақпараттың жеткіліксіз екенін көрдік. Сапар барысында біз ауыл тұрғындарына қандай алдын алу шараларын жүргізу керектігін түсіндірдік, сұрақтарға жауап бердік. Кейбір ауылдарда медициналық пункттер жоқ. Бұл да - үлкен мәселе, адамдар жүгінетін жер жоқ», - дейді невролог-эпилептолог дәрігер Алтынай Елубаева.

 

Оның айтуынша, семинар ЖРВИ мен коронавирустық инфекцияға қатысты өзекті мәселелерге арналған, мұнда науқастарды емдеу бойынша кеңес берілді. 

«Мәселен, науқаста тыныс алу жеткіліксіздігі байқалса, ең алдымен науқас басқаларға вирус жұқтырмас үшін шара қабылдау қажет. Бұқаралық іс-шаралар мен отбасылық мерекелерді азайту үшін медицина қызметкерлері халыққа үндеу жасауы тиіс. Себебі симптомсыз тасымалдаушылар сау адамдарға ауру жұқтыруы мүмкін», - дейді дәрігер.

Семинар спикерлері ауыл дәрігерлеріне вирус инфекцияларынан қорғау үшін қандай алдын алу шараларын жүргізуді түсіндіріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.