02 сәу, 2021 сағат 13:31

Аутизмді емдеуге қатысты жарнамаларға сақтықпен қарау керек - Нұрия Балтабайқызы

AUTISM KAZAKHSTAN Ұлттық қауымдастығының төрағасы, экономика ғылымдарының докторы Нұрия Балтабайқызы аутизмді емдеуге қатысты күдікті жарнамалар бойынша ата-аналарға үндеу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кейбір орталықтар мен мамандар жарнама жасап, аутизмді бір айда немесе бір курста емдеп шығамыз деген көптеген жарнамаларды жариялап жатыр. Мұндай мәліметке өте сақтықпен қарау керектігін айтқым келеді. Білікті мамандардың атап өтуінше, аутимз ешқандай екпемен, дәрімен емделмейді. Сонымен қатар, тағы да басқа көптеген авторлық әдіснамалар шығып жатыр. Олар ғылыми тұрғыда расталмаған», - деді Нұрия Балтабайқызы Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Осы орайда ол әлемдік тәжірибеде аталған әдіснама болмаса да, Қазақстан аумағында ғылыми негізделмеген тәсілдер жарнамаланып жатқанын айтты. 

«Бізге ата-аналар хабарласып жатады. Бұл тәсілдер бойынша балалардың ата-аналарынан қомақты қаражат сұрайды. Біз бұл тәсілдерді қолдамаймыз, себебі дәрі-дәрмекпен және басқа да әдістермен аутизмді бір айда немесе бір курс ішінде емдеп шыға алмады. Ата-аналарды осындай жарнамаларға сақтықпен қарауға шақырамын», - деді AUTISM KAZAKHSTAN Ұлттық қауымдастығының төрағасы.