Көрнекі фото: pixabay.com
Ауғанстанның студент қыздарын Қазақстанда оқыту мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін аталған ведомствода өткен баспасөз мәслихатында елімізде Ауғанстан әйелдерінің оқуына квота бөлу мәселесі туралы сұрақ қойылды.
«Еуропа Одағының көмегімен Қазақстанда ауғанның жүздеген қыз-келіншегі оқу оқып жатқан болатын. Енді белгілі жағдайлардан кейін, ол бағдарлама уақытша тоқтап қалды. Қазір сол бағдарламаны қайта бастауға әрекет жасалып жатыр», - деді Айбек Смадияров.
Осы орайда ол қанша қыз-келіншек оқитынын, қанша грант қайда бөлінетінін кейін хабарлайтынын айтты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, былтыр Ауғанстанда биліктегі Талибан қозғалысы ауған әйелдерінің бұдан былай университетте оқи алмайтынын мәлімдеген еді.