09 там, 2024 сағат 16:57

Әуекомпания салғырттығы: FlyArystan егіздің сыңарын әуежайда қалдырып кеткен


Орал қаласының қос тұрғыны, егіздер – Зәуре мен Зере Америкадағы тіл мектебінен Астана арқылы кері ұшып шыққан. Елордаға аман жеткен қос жасөспірімнің бірі Астана - Орал бағытында ұшқан «FlyArystan» әуекомпаниясының ұшағынан қалып қойған. Бұл туралы егіздердің анасы Жазира Мусина өзінің әлеуметтік парақшасына жазды. 

Анасының айтуынша, 12 жасар балалар 20 шілде күні сеніп тапсырылған тұлғаның жетекшілігімен Нью-Йорк қаласынан Астанаға бағыт алған ұшақпен ұшып келген. 21 шілде күні таңда ұшақ Астана қаласына қонған. Жоспар бойынша сол күні түстен кейін Оралға ұшатын рейске отыруы тиіс болған. Алайда, «FlyArystan» әуекомпаниясы қызметкерлерінің салғырттығы салдарынан, егіздердің біреуі әуежайда қалып қойған.  

«FlyArystan» әуекомпаниясының қызметкерлері тек Зәурені тіркеп, техникалық ақауды сылтауратып, Зерені тіркемеген. Балаларға жауапты тұлғаға Зерені өздері ұшаққа отырғызатынын айтқан. Нәтижесінде бәрі ұшып кетеді де, Зере әуежайда қалып қойған», — деп жазды анасы. 


Зере осылайша, екі чемоданы мен құжатын құшақтап, Астана әуежайында жалғыз қалған. 

Анасының хабарлауынша, бұл жаңалықты естіген бойда ол тиісті мекемелерге қоңырау шалып, хабарласа бастаған. Әуекомпаниясы Зерені қонақүйге орналастыру туралы ұсыныс айтқан. Алайда, қызының қауіпсіздігіне алаңдаған ана ұсыныстан бас тартып, туысқандарынан көмек сұраған. Ертеңінде таңда Зере ешбір жетелеген адамсыз өзі Оралға ұшқан. 

Жазира Мусина бірден қорғаушы тауып, Азаматтық авиация комитетіне шағым түсірген. Бала құқығы, әуекомпанияның жауапкершілігі мәселесін алға тартқан. 

Бүгін «FlyArystan» әуекомпаниясы кәмелетке толмаған жолаушыны рейске жібермеу жөніндегі ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.

«Азаматтық авиация комитеті «FlyArystan» авиакомпаниясын кәмелетке толмаған жолаушыны авиакомпанияның рейсіне жібермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартады. Бұл өрескел жағдай. Жолаушылардың құқығы әрқашан мүлтіксіз сақталуы керек. Азаматтық авиация комитеті, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі« АҚ-мен бірлесе «FlyArystan» авиакомпаниясына қатысты жан-жақты тексеру жүргізеді. Кінәлі қызметкерлер міндетті түрде жауапқа тартылады», — делінген хабарламада.